Қазақстанда 2019 жылдың қарашасында халық санағы жаңаша жүргізіледі

444

Қазақстанда халық санағы 2019 жылдың қарашасында өтеді деп жоспарланған, деп хабарлады ұлттық экономика вице-министрі Руслан Дәленов. Бұл туралы «Интерфакс-Қазақстан» жазды.

«Халық санағын 2019 жылдың қараша айында өткізу жоспарланып отыр. Негізгі жаңашылдық — компьютерлендіру болмақ. Яғни, арнайы интернет-портал ашылып, сол ақпарат көзіне азаматтар өздері туралы мәліметті интернет арқылы жолдай алады», — деді Руслан Даленов журналистерге бейсенбі күні.

Сонымен қатар, ол санақ кезінде мамандар планшет қолданатынын айтып өтті.

«Олар планшетпен жүріп, ақпаратты бірден мәліметтер базасына жолдап отырады. Бұл біріншіден, санақты жедел жүргізуге, екіншіден, қателікке жол бермеуге мүмкіндік береді. Яғни, ЖСН сай келе ме, жоқ па — бірден тексеріліп отырады. Егер халықтың біршама бөлігі интернет арқылы тіркелсе, санақшыларға түсетін жүк айтарлықтай жеңілдейді», — деп атап өтті вице-министр.

Оның айтуынша, 2018 жылдың сәуірінде Аягөз (Шығыс қазақстан облысындағы қала) бен Бурабайда (Ақмола облысындағы ауыл) жүйе пилотық жоба ретінде басталып, «планшеттердің, интернеттің, формалардың жұмысы тексеріледі».

Қазақстанда бұған дейінгі халық санағы 2009 жылы жүргізілген болатын. Қазақстан халқының саны — 18 миллион адам.