Облыстық қоғамдық кеңестің кезекті отырысында бұл жолы бес тақырып қозғалды. Олардың әрқайсысы да маңызды тұстарды қамтиды. Мәселен, Шымкент қаласындағы «Бозарық» қосалқы стансасының желісін қосудағы заңдылықтардың бұзылуы.
220 КВт-тық желінің және жалпы стансаның толыққанды іске қосылатын мерзімі бірнеше рет өзгертілген-ді. Есепті баяндамасын ұсынған қалалық коммуналды шаруашылық бөлімінің жетекшілері 2018 жылдың соңы дегенімен, кеңес мүшелері оған күмәнданатынын білдірді.
Миллиардтаған теңге тұратын нысанның мәселесі сотта да қаралды. «Бозарық» стансасы тек қала сыртындағы елді мекендер емес, Шымкенттің орталығындағы шағынаудандарды жарықпен қамтуда маңызы зор. Сондықтан, сиырқұйымшақтанған жобаның нәтижесі көпті алаңдатады. Қала әкімдігінің коммуналды шаруашылық бөлімінің басшысы сауалдардың астында қалды.
Өмірзақ Мелдеханов, облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы: «Қаламыз үшін бұл өте маңызды нысан… Бұл не жәйбарақаттық? Нұрсәт шағынауданында да осыған байланысты жарық мәселесі шешілмей отыр. Ал сендер мәселенің түйінін тарқата алмай отырсыңдар».
Нұрлан Бектұрсынов, қалалық ТҮКШ бөлімінің басшысы: «Бүгінгі таңда аталған мәселе бойынша толыққанды тексеру жүріп жатыр. Тексеру комиссиясының жұмысы әлі аяқталған жоқ… Нысанның құрылысы 2018 жылдың соңында аяқталады. Ал бағаның өсуі — қажетті жабдықтар мен материалдардың бағасының күрт өсуіне байланысты болып отыр».
Келтірілген уәжге көңілі толмаған кеңес мүшелері дауысқа салып, қосалқы станса бойынша қала әкімінің жауапты орынбасары мен облыстық басқарманың басшыларын келесі жиынға шақыруды ұйғарды. Баяндамасын басқарманың миссиясын түсіндіруден бастаған облыстың бас сәулетшісі Еркін Жүсіповке де сұрақ аз қойылған жоқ. Оның бірі жақында жолы кесілген балалар темір жолы туралы еді.
Еркін Жүсіпов мәселеден хабардар. Қайта қараймыз, ұсыныстар ескеріледі деп шешкенін жеткізді. Сәулетшінің барлық жауабы қысқа болды. Ауған соғысы ардагерлері бұдан да бұрын көтерген Абай саябағындағы «Ерлік» ескерткіштер ансамбілінің аумағынан көтерілген алып бюсттің құжаттарын анықтаймыз деп уәде беріп қайтты.
Ал жаңадан құрылған Ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының есебі нақты. Өзекті мәселелерді де белгілеп үлгеріпті.
Қоғамдық кеңес мүшелері бұл жиынды «СМАРТ ЖКХ» компаниясына Шымкенттегі автобустарға электрондық билеттеу жүйесін енгізуге рұқсат беріп тарқасты. Инвестиция құямыз деп белсенген кәсіпкер өзі ісіне сендірді. Нәтижесін уақыт көрсетер.
Зәуре Оралбаева