Бас мүфти Түркістанда

1087

Кие қонған мекен Түркістан қаласына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз ресми сапармен келді. Дүниежүзілік мəдени мұралар тізіміне енген қасиетті Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат жасады.

Бабалар рухына құран бағыштаған бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейдің құнды жәдігерлерімен де танысты. 24 233 жәдігерден тұратын қорық-музей тыныс-тіршілігі жөнінде пікір алмасып, шынайы тілектестігін білдірді.

Содан кейін А. Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде өткен «Ислам және Ұлы Дала өркениеті» атты ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысты. Конференцияны Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ұйымдастырды. Басқарманың төрағасы, Бас мүфти, хазіреті Серікбай қажы Ораздың айтуынша, бұл жиын халықтың діни сауаттылығын арттыруға арналыпты. Биыл муфтият бастамасымен көптеген діни-ғылыми талқылаулар ұйымдастырылады екен. Бәрі де рухани біртұтас қоғам құруға, жастардың діни көзқарасының радикалдануына жол бермеуге бағытталады. Ал оның өзегі Яссауи шығармалары.


Қазақ жеріндегі ислам діні мен дала мәдениетінің өзегі – Түркістан. Сондықтан да республиканың түкпір-түкпірінен келген имамдар мен дінтанушылар Түркістанда жиналды. Қазақ даласындағы ислам дінінің өткені мен болашағын талқыға салды. Конференция марапаттаудан басталды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Оразұлы ЮНЕСКО бекіткен «Яссауи жылы» төсбелгісімен марапатталды. Содан кейін келелі сөзге кезек берілді.

Серікбай қажы Ораз, Қазақстан мұсылмандары діни басқар-масының төрағасы, Бас мүфти:
— Біз қазақ халқы әзелден Ислам құқығында, Исламдағы әлеуеті зор Ханафи мазһабын ұстанамыз. Біз сенімде Құран мен сүннетке сай рационалды ойлауға мүмкіндік беретін Матуруди ақида мектебінің өкілдеріміз. Біз Құл Қожа Ахмет Яссауи, Бахауудин Нахшбанди силсилаларын ұстанамыз. Дініміз бен дәстүріміз біте қайнасқан өз жолымыз бар. Ешкімге жалтақтамайтындай жақсы тарихымыз бар. Қалыптасқан діни мектебіміз бар. Сырттан келіп, өзінің ойлағанын, өзінің жолын бізге ендіргісі келетіндерге жол бере алмаймыз. Өйткені бізде де оған қарсы тұра алатындай ғалымдарымыз бар. Еліміздегі ондаған оқу орнын тәмамдаған отандық діни қайраткерлеріміз қалыптасып келе жатыр.

Қазақтың мазһабы мен діни мектебін айқындап берген Бас мүфтидің сөзі дін мен дәстүрдің үйлесім табуына ұласты. Өйткені, Қазақстан қоғамы түрлі теріс діни ағымдардың алаңына айналды. Ұлт дәстүрін жоққа шығарып, ата жолынан тайып, бұра тартатындар пайда болды. Қазақ қоғамына сырттан келіп енетін діни ағымдардың бір көрінісі — қара киініп, тұмшаланатын қыз-келіншектер. Конференцияда сөз алған жергілікті ақсақал мұның дұрыс емесіне тоқталды.

Жарылқасын Әзіретбергенов, Түркістан қаласы Ақсақалдар алқасының төрағасы:
– Қазақ қызы да, әйелі де ешқашан шашын жайып, жалаңбас жүрмеген. Бірақ қазақ қыздары ешуақытта ниһаб, шадыра тағып, бетін тұмшалаған емес. Қыздарымыз үкілі сәукеле, қызыл бөрік киіп, қызыл орамал таққан. Келіндеріміз келістіріп кестелі ақ орамал тартып, жасы келгенде жарасымды кимешек киген.
Қазақ қоғамында шариғат үкімдері біржақты қолданылмаған. Әдет-ғұрып заңдарымен қатар реттеліп, бірін бірі толықтырған. Осылайша өзара синтезделіп, тұрмысқа енген.

Мұхан Исахан, дінтанушы, PhD докторы:
— Біздің Ханафи мазһабында Ислам жаңа бір өлкеге баратын болса, сол өлкенің әдеп-ғұрып және салт-дәстүрлері Исламның негіздеріне қайшы келмесе, онда имам ағзам Әбу Ханифа мазһабында: «Сол елдің салт-дәстүрлеріне бейне бір Исламның үкімі сияқты қараңдар. Өйткені, ол онсыз да сол жердегі әділеттілікті қамтамасыз етіп отыр. Сол жердегі мәселелерді онсыз да дұрыс шешіп отыр. Сондықтан Исламның үкімі сияқты қараңыздар» деп айтады.

Ал Яссауи ғылыми-зерттеу орталығының директоры, философия ғылымдарының докторы, профессор Досай Кенжетай: «Мүфтияттың бастамасымен тұңғыш рет киелі Түркістан қаласында тəлімі мен тағылымы мол конференция өтті. Бұл қазақ руханияты үшін тарихи оқиға болды. Бас мүфти-хазіретіміз Серікбай қажы Ораз бастаған дін ғұламаларының түркі жұртының исламды қабылдауына ықпал еткен Қожа Ахмет Яссауидің кесенесіне зиярат етіп, тағылымды басқосуға ұйытқы болуы – үлкен жақсылықтың нышаны», — деген пікірін жеткізді.

Досай Кенжетай, Яссауи ғылыми-зерттеу орталығының директоры, философия ғылымдарының докторы:
— Христиан әлемі болсын, Ислам әлемі болсын, Будда әлемі болсын, бір-бірімен тығыз өмір сүріп жатыр. Бір-бірімен қарым-қатынаста. Қарап отырсаңыз, кейбір бауырларымыз діни танымнан басқа танымдарға өмір сүру мүмкіндігін бергісі келмейді. Суды да, буды да, руханиятты да, материяның барлығын да тек дінмен өлшегісі келеді. Олай емес. Діни танымнан басқа да адамды қоршап тұрған көптеген танымдар бар. Бірақ, соның ішіндегі ең белсендісі бірнешеу. Олар: діни таным, ғылыми таным, философиялық таным және тағы басқалар.

Конференцияға қатысқан профессорлар – Болат Көмеков, Досай Кенжетай, Шәмшадин Керім, Айдар Әбуов, т.б. ғалымдар мүфтияттың бастамасымен жарық көрген салт пен діни санасының үйлесімділігін паш ететін «Дін мен дәстүр» кітаптары мен тарихи-діни жолымызды айшықтайтын «Дәстүрлі Ислам жауһарлары» еңбегін мектеп пен жоғары оқу орындарында қосымша пән немесе тәрбие сағаты ретінде оқыту туралы ұсынысты қолдады.
Діни басқарма ғалымдары бұл ізденістермен тоқтап қалмай, жуық арада «Ұлы дала төсіндегі Ислам» атты ауқымды еңбекті шығаруға кірісіп кетті. Конференция соңында делегаттар басқосудың негізгі идеясына айналған діни таным мен салт-дәстүрімізбен үйлескен ортаазиялық діни мектебімізді жаңғыртып, біртұтас мұсылман үмбетін қалыптастыру бастамасын құптап, барша мұсылман қауымды дінді озбырлық әрекеттер мен саяси және жеке мүдделер үшін пайдалануды көздейтіндерге ілеспеуге, жалпыға ортақ адамгершілік құндылықтарды насихаттауға шақырып, үндеу жолдады.
Мұндай ауқымдағы конференция алғаш рет өткізілді. Осында талқыланған мәселелер алдағы 1 наурызда Астанада өтетін Еуразия діни ғұламалары форумында жалғасын табады.

 

Жәнібек НҰРЫШ