Бозарық қосалқы станциясының құрылысы 2018 жылы аяқталады

465

Шымкент қаласы әкімінің халық алдындағы есепті кездесуінде шаһардағы қосалқы станцияның жайы да сөз болды. Нұрлан Сауранбаев Бозарық қосалқы станциясының мәселесі шешілетінін айтты.

Қосалқы станцияның құрылысын бұған дейін жүргізген мердігер компания өз міндетін орындамағандықтан, Жоғарғы сот шешімімен жосықсыз деп танылды. Жақын арада тағы конкурс ұйымдастырылып, мердігер анықталатын болады. Бозарық станциясы іске қосылғаннан кейін Астана-1,2 қосалқы станцияларының құрылысы аяқталады. Нәтижесінде қаланың солтүстік бөлігі сапалы электр желісімен қамтылатын болады.

Бұған қоса Шымкентте жеке трансформаторлар мәселесі де шешіледі. Ал 5950 абонент сапалы электр желісіне қосылады. Биыл Самал-1, Тассай, Оңтүстік, Бозарық-1,2,3, Қайтпас-1 және Нұртас шағынаудандарына электр желісін тарту жоспарлануда. Сонымен қатар тұрғындардың өз есебінен орнатқан жекеменшік трансформаторлары бүгінгі таңда өзекті мәселе болып тұр. Электр қуатының сапасы төмен, тарифі жоғары екенін айтуда. Бұл мәселе «Оңтүстік жарық транзит» ЖСШ-мен бірлесе шешілетін болды.

Еске салсақ, 2017 жылы алты шағынауданға электр желісін тарту жұмысы жүргізілді, оның екеуінің жұмысы аяқталды. Нәтижесінде 1550 абонент сапалы электр желісіне қосылды.

Биыл сонымен қатар 23 көшеде жарықшамдар орнатылады, көшелерді жарықтандыру жұмыстары жалғасады. Шаһардағы бұрын ешқандай шам орнатылмаған 23 көшеге жарықтандыру жүйесі тартылады. Ал төрт көшеде қайта құру жұмыстары жүргізіліп, шет аймақтардағы 43 көшеге жарықшам орнатуға жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде.

shymkent.gov.kz