Аманаттықтар Бозарықтағы тұрғындармен кездесті

48

«AMANAT» партиясының мобильді тобы Шымкенттің іргесіндегі Бозарық-2 елдімекенінде көшпелі қабылдау өткізді. Егемен Қазақстан көшесінің тұрғындары мүмкіндікті пайдаланып, жол, жарықтандыру, балалар ойын алаңшасын салу мәселелері туралы өтініштерін партиялықтарға жеткізді.

15 мың халқы бар Бозарық елдімекені саяжай мәртебесінен шағынаудан болғалы тұрмыстары жақсара бастады. 2000 жылдан бері ауыз судан қиындық көрген тұрғындар бүгінде сапалы тіршілік нәрімен толық қамтылған. Электр бағаналары орнатылып, жаңа электр желісі де тартылуда. Ал «Егемен Қазақстан» атауын былтыр алған көшенің тұрғындары жол азабына биыл нүкте қойылады деген үмітте.

Гүлнар Пернебаева, Бозарық-2 елді мекенінің тұрғыны: «Егемен Қазақстан» көшесі  атауына сай болуы керек қой. Мен өзім көшіп келгеніме 10 жыл болды. Қашан біздің көшемізді асфальттейді?».

Айтулы мобильді топтың құрамында «АМАNАТ» партиясының өкілдері және Қаратау ауданы әкімі, қалалық әкімдікке қарасты басқарманың мамандары бар. Топтың жұмысы барысында қабылдауда айтылған мәселелер бойынша хаттама түзілді.

Бахадыр Нарымбетов, «АМАNАТ» партиясының Шымкент қалалық филиалының төрағасы: «Ақпан айында бізге келіп түскен өтініш, арыздарды көріп сараптадық. Солардың арасында Бозарық елдімекендегі тұрғындардың мәселелері жиі  көтерлген екен. Соны партия қолына алып, ол мәселелердің шешілуіне ықпал жасап, міне, 10 маусымда көшеде жол құрылысы басталады. Жаяу жүргіншілер жолы да қарастырылған. Арыздарда жарықтандыру мәселесі де көтерілген еді. Ол да жақын арада шешімін табады».

Елдімекен қажетті инфрақұрылыммен кезеңімен қамтылуда. Қаратау ауданына қарасты бұл болашақ шағынауданда атқарылатын жұмыстар шаһардың бес жылдық даму жоспарына енгізілді,- дейді аудан әкімі
Рахымберді Мүлкеманов, Қаратау ауданының әкімі: «Бозарық елдімекенінде 17 көше асфальтталады. Соның бірі «Егемен Қазақстан» көшесі  де тізімге енген.  Барлығы жоспарлы түрде болады. Қазір балалар алаңшасына жер қарастырудамыз, бос болса, мемлекет меншігіне қайтарып, сол жерде балалар ойын алаңашасы бой көтереді».

Тұрғындар көтерген мәселелер аудан әкімдігі және «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының жіті бақылауына алынды. Айта кетейік, өткен жылы партия филиалының қоғамдық қабылдауына 9280 өтініш түсіп, оның 66 % оң шешімін тапқан.