Бюджеті бар ауылдар

887

Ауыл бюджеті болады дегенді естіген бұқара қатты қуанды. «Енді облыс, аудан орталықтарына жалтақтамай өз мәселелемізді шешеміз» деп отыр. Елбасы өзінің «Ұлт жоспары — «100 нақты қадам» мақаласының 98-қадамында аталған міндетті қойған болатын.

Мәжіліс депутаттары алғашқы отырысында-ақ, заңнамалық қамтамасыз ететін жобаны құптады. Нәтижесінде ауылдың дербес бюджеті пайда болды. Биыл жергілікті басқаруға 6 салық түрі берілген. Жергілікті өзін-өзі басқару бюджеті салықтық және салықтан тыс түсімдерден құралады.

 

Салықтық түсімдер:
– төлем көзінен салық алынбайтын жеке табыс салығы;
– жеке тұлғалардың мүлік салығы;
– жеке және заңды тұлғалардың көлік салығы;
– елді-мекен аумағына жататын жеке және заңды тұлғалардың жеріне салынатын жер салығы;
– ауыл аймағында өтетін автомобиль жолдары бойында визуалды жарнаманы орналастырудың салықтық төлемі;

Салықтық емес түсімдер:
– мемлекеттік мүлікті жалға беруден алынатын табыс;
– коммуналды меншікті сатудан алынатын табыс;
– жеке және заңды тұлғалардың ерікті жарналары;
– «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР Кодексі аясында қарастырылған әкімдер тарапынан алынатын айыппұлдар;
– аудандық бюджеттен алынатын трансферттер.

Аталмыш тізімге заң аясында ауыл бюджеті жұмсалатын шығынның 19 түрі айқындалған. Жергілікті басқарудың өз коммуналды меншігі болады. Ауыл әкімдері, сол меншікті ауыл тұрғындарымен бірге кеңесе отырып, қалай тиімді пайдалану керектігін өздері шешеді. Ауыл тұрғындары салықтың қайда кетіп жатқанынан хабардар болып отырады.

Жергілікті ауыл кеңесі қаржының қайда жұмсалғанын тексере алады. Ауыл әкімі жергілікті тұрғындардан құралған Кеңестің келісімінсіз бір тиын да жұмсамайды. Демек, ауыл зиялысының үні естіледі. Расымен солай ма? Ауылдарға арнайы барып, бюджеттің жұмсалу жоспарымен таныстық. Құрылған кеңес мүшелерімен таныстық.

Хантағының бюджеті ауылды көркейтуге жұмсалады
Кентау қаласына қарасты ауылдың 2018 жылға арналған бюджеті – 155 млн теңге. Басым бөлігі әкімшілік және мемлекеттік мекемелердің жалақысы. Тағы бір бөлігі санитарлық жұмыстарға бағытталған. Жолды жөндеп, күтіп ұстау жоспарланған. Ауылдың бес көшесін жарықтандыруға да қаржы қаралып отыр. Ауыл әкімі Самат Расұлдың айтуынша, бюджет есебінен шығармашылық үйдің алаңы абаттандырылады. Жаяу жүргінші жолын түгендеп, бес көшеге асфальт төсемек ниетте. Ауыл қазынасының қаржысын қадағалайтын ақсақалдар көгалдандыру жұмыстарын да жандандыруға кеңес беріпті.

Тасарық ауылы тазалыққа басымдық береді
Төлебидегі Тасарық ауыл округінде 4 746 тұрғын бар. Округке төрт бірдей елдімекен: Жамбыл, Ханарық, Оңтүстік және орталығы Тасарық ауылы кіреді. Бюджеті — 43 млн теңге. Бұған 4,5 миллион теңге салық түсемдерін қосыңыз.

Округ әкімі Бақтыбек Алтынбековтың айтуынша, осынау 47 млн теңгені жұмсауда елдімекендердің тазалығына басымдық беріледі. Абаттандыру жұмыстарына да қаржы қаралыпты. Ауыл бюджеттінің басым бөлігі осы екі салаға жұмсалады. Көшені жарықтандыруға аудан бюджетін нақтылау кезінде қаржы қаралады екен.

Жол салу, жарықтандыру, газ тарту жұмыстары аудан есебінен жүргізіледі. Ал ауылдың дербес есепшотындағы қаржы есебінен көше атауларын жаңартылып, тақтайшалар ілініп, жасыл-желек егіледі. Демеушілерді тарту да қарастырылған.

Қарнақтың көшелерін ауыл есебінен күтіп ұстайды
Кентаудағы Қарнақта 20 мыңнан аса адам тұрады. Сондықтан болар, ауылдың жалпы бюджеті 305 миллион теңгеге жетіпті. – Басым бөлігі, дәлірегі 250 млн теңгесі ауыл балабақшаларына жұмсалады,-дейді ауыл әкімі Талғат Мадмусаев. Қалғаны – ауыл әкімдігінде істейтін мемлекеттік қызметшілердің айлығы. Салық түсімдері 20 млн теңгені құрайды. Бұл қаржының жұмсалуы Кентау қалалық қаржы бөлімімен мақұлданады. Десе де, ауыл көшелерін күтіп ұстауға, көгалдандыруға, тазалық шараларын жүргізуге жергілікті бюджеттің қаржысы кетеді. «Ауыл бюджеті туған жерді түлетуге толықтай жетеді» деп айту қиын-ақ.Сондықтан да демеушілердің көмегіне жүгіну жоспарланған.

Қарақозы Әбдәлиев ауылдық округінің бюджеті – 161 млн теңге
«Биыл бірінші рет дербес бюджет бөлініп отыр. Жалпы соммасы — 161 млн теңге. Округ бойынша, 4 мемлекеттік және 1 жекеменшік балабақшамыз бар. Сол балабақшаларды биылдан бастап біз қаражаттандырамыз. Ал 6 салық түрінен жиналатын түсімді қоғамдастық арқылы қайда жұмсайтынымызды ақылдасып отырамыз» Бұл Қазығұрт ауданындағы Қарақозы Әбдәлиев ауылдық округінің әкімі Ораз Қазыбаевтың айтқаны.

Бюджет қаржысының басым бөлігін көгалдандыруға, абаттандыруға, осы елдімекендерді көркейтуге жұмсамақ жоспары бар. «Салықтан түсетін қаржы, дербес есепшотымыздағы ақша, сондай-ақ, демеушілер түсетін ақша бар. Оның барлығын жасыл аймақты қоршауға жібереміз»,- деп ағынан жарылды. Ал ауыл округтегі өзекті мәселе, яғни, Амангелді, Қызылдала, Еңбекші деген елдімекендерді газдандыруға ауылдық бюджеттің шамасы жетпейді. Оны шешу аудан, облыстық қаржы есебінен болмақ деп дөп басты.

Оңтүстік Қазақстан облысында 175 ауыл бар. Әр ауылдың бюджеті әртүрлі. Орташа есеппен 100 миллион теңгені құрайды. Аз-ақ. Дегенмен сең қозғалды. Енді ауыл әкімдері дербес есепшотын үнемдеп пайдаланып, қайда жұмсап отырғанын ауылдықтарға ашық жариялап отыруы шарт. Сосын туған жерді түлетуге ауылдан шыққан кәсіпкерлерді тарту көзделген.

Ардақ ЖАҚСЫЛЫҚОВА