Электр қуаты мен газ бағасы ел бойынша бірыңғай тарифке көшуі мүмкін. Бұл туралы мәжілісте «Табиғи монополиялар туралы» заң жобасын талқылау кезінде депутаттар осындай ұсыныс айтты, — деп хабарлайды astanatv.kz.
Олардың пікірінше, газ бағасының литрі елдің бір өңірінде 8 теңгемен, ал енді бір өңірінде 34 теңгемен сатылуы әлеуметтік теңсіздікке әкеліп отыр.
Сондықтан бағаны біртараптандыруды қолдайды. Депутаттар электр тарифінің әр алуандығына қатысты да мысал келтірді.
Уәлихан Қайназаров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: «Мысалы, ШҚО-да ҚҚС қоспағанда электр жарығының бір киловаты 12 теңге тұрады, ал ОҚО-да 22 теңге. Мұны бағаны біртарапатандырып, халық төлей алатын жағдайға жеткізу оңайырақ болмай ма?»
Серік Жұманғарин, ҚР Ұлттық экономика вице-министрі: «Экономиканың құрылымы, бизнестің үйренген, есептелген шығындары бар. Оның барлығы өзгерсе, қандай ықпал болады, қалай әсер етеді, соның бәрін есептеу керек. Біз есептейік, сосын шешім қабылданған соң, ақпарат береміз».
Сондай-ақ қаралған құжат қабылданса, бұдан былай табиғи монополиялардың барлық субъектілері тарифтерін 5 жыл бұрын бекітеді. Бұл өз кезегінде тариф құнының талапқа сай өзгеріп, күрт қымбаттап кетуінен сақтайды. Бүгінде мекемелердің 95 пайызы тариф бағасын 5 жылға белгілеп қойған.