Діни рәсімдер бірізділікке бағытталуы керек

658

Дін мен дәстүр қай тұстан қабысып, үйлесім табады? Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының облыстық өкілеттілігі жанынан құрылған Ақылдастар алқасы осы сауал төңірегінде бас қосты. Алқа жұмысының негізгі бағыты — жаназа және діни рәсімдерді бірізділікке салуды насихаттау.

Ұлттық салт-дәстүр мен діни рәсімдерді сақтаудағы аға буын өкілдерінің рөлі талқыланған жиынға облыс әкімдігі, зиялы қауым өкілдері және аудан-қаладан келген имамдар қатысты. Жиында діни рәсімдер мен жоралғыларды жүргізу барысында ысырапшылдыққа жол бермеу мәселесі кеңінен талқыланды. Мінберге шығып сөз алған әрбір қатысушы осыны бір жолға қою ең алдымен ұрпақ тәрбиесі үшін маңызы зор екенін жиі қайталады.

Жеңісбек Мәуленқұлов, облыстық «Ардагерлер» ұйымының төрағасы& «Ысырапшылдыққа жол беріп, шектен тыс зәулім мазарат тұрғызуды әдетке айналдырмау керек. Әрине халыққа жасама демейміз. Дегенмен көзге ұрып тұрар оғаштыққа бармаса дейміз. Марқұмның рухын қарапайым әдеттермен-ақ сыйлауға болады. Бұл тұрғыда хакім Абайдың халқына айтқан өсиеті арада қаншама жылдар өтсе де өзектілігін жоғалтқан жоқ.

«Өсек, өтірік мақтаншақ,

Еріншек бекер мал шашпақ.

Бес дұшпанды білсеңіз», — дейді. Міне, өмірдің шындығы данышпан, философ ақынның өлең жолдарында толық сипатталған».

Бүгінгі қоғамда шешенсініп көп сөйлеудің орнына шешімді ойлар, көсемсініп көп сөйлеудің орнына кесімді пікір айту маңызды. Зиялылар салт-стүріміз бен діни рәсімдердің ара-жігін ажырату бағытындағы жұмыстардың өте баяу атқарылып жатқанын алға тартты. «Болашақ ұрпақ санасындағы дініміз бен дәстүрдің айырмашылығын қалыптастыруда салғырттыққа жол бермеу керек»,-  дейді олар.

Мархабат Байғұт, жазушы: «Сөз бен істің бірлігі қажет. Осы қозғап жүрген мәселелердің көпшілігі айтылып та, жазылып та жатыр. Бірақ соны жүзеге асыру жағы баяу, ұйқылы ояу. Бұл жүзеге асады ғой, орындалады ғой немесе, бәрібір болмайды ғой, анау ғой, мынау ғой деген салғырттық, селқостық бар. Сүле соқтық бар».

Ақтанберді Мұсабек, ҚМДБ-ның ОҚО бойынша өкіл имамының орынбасары: «Қазақ халқының салт-дәстүрі мен ислам дінінің бір ізділігі өте маңызды. Яғни, күнделікті тұрмыс-тіршілігіміздегі атқарылып жатқан діни іс-шаралар, рәсімдер бар. Соның бастысы жаназа төңірегінде болмақ. Мұнда аста-төк ысырапшылдыққа жол бермеу, қайғы жұтып отырған отбасына сол күні қара жамылудың орнына дастархан мәзіріне кіріп кетуі ескеріліп, бұл болашақ ұрпаққа үлкен сын болмасын деген мақсатта ұйымдастырдық. Алдыңғы буын ағалар бұл жағдайды бір ізділікке салса дейміз. Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының еліміз бойынша арнайы шығарған жаназа және діни рәсімдер туралы пәтуа кітабымен барлық аудан, қала, ауылдарды құлағдар ету үшін, Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының Оңтүстік Қазақстан өкілеттілігі жанынан «Ақалдастар алқасы» құрылды. Сол құрамдағы барша адамдар осы іс-шараға шақырылды. Мұнда шариғат бекіткен діни рәсімдер мен салт-дәстүрдің ара жігін ажыратып, шатастырып алмау төңірегінде мәселе қозғалды».

Бұл тақырыптың түйіні бір жиынмен тарқатылмайтыны анық. Ол үшін арнайы жұмыстар атқарылып, насихат жұмыстары дұрыс жүргізілуі керек. Басқосу Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы бекіткен діни рәсімдер мен жоралғылардың бірізділікке бағытталуы керек деген түйінмен аяқталды.