Ет экспортында кедергілер көп

507

Былтыр облыста 222 мың тоннадан астам тірі салмақта ет өндірілген. Оның 3 мың тоннадан астамы экспортқа шығарылған. Салаға жауаптылар жылдан-жылға сыртқа шығарылатын ет көлемінің артып отырғанын айтады. Өңірдің ет өндірісіндегі әлеуеті қай деңгейде?

Облыста ет өндірумен және өнімді экспорттаумен айналысатын шаруашылықтардың ең ірісі Қазығұрт ауданындағы «Қайып ата» ЖШС-і. Былтыр шаруалар Иранға 6 мың бас қой етін, Өзбекстанға 300 бас ірі қара мен 32 жылқы экспорттапты. Одан бөлек ел нарығына 400 тоннаға тарта сиыр еті мен 2 тоннаға жуық қой етін саудалаған.

Алматы, Астана қалаларына жөнелтілетін еттер Қарабұлақ елдімекеніндегі бекетте сойылады. Күн сайын 20 тоннаға дейін ет соятын қасапшылар өнімдерін өзге қалаларға өткізуде қиындықтар барын жасырмайды. Айтуларынша, арадағы делдалдар бағаны қолдан өсіреді. Ет экспортында да осындай тосқауылдар бар. Сыртқа шығарылатын өнімдердің көлемін арттыру алдымен осындай түйіткілдердің түйінін ағытып алу қажет дейді кәсіпкерлер.

Жайылымдардың жетіспеушілігі де мал шаруашылығына кесе көлденең кедергісін тигізіп жатқанын салаға жауаптылар да жасырмайды. Айта кетейік, бүгінде өңірде небәрі 8 млн. гектардан астам жайылым жер бар. Оның өзі бүгінде тозығы жетті дейді мамандар.

Ет экспортын ұлғайту, мал шаруашылығының қарыштап дамуына жол ашу, шаруаларға жайлы жағдай жасау сияқты мәселелер бүгінде жергілікті шенеуніктердің ғана емес, Елбасының да басын ауыртып отыр.

Айта кетейік, бүгінде облыста ірі 10 мал бордақылайтын агроқұрылым жұмыс істейді. Күнгейлік шараулар өнімдерін ТМД, Еуропа елдеріне жөнелтіп отыр. Сала мамандары жылдан-жылға экспорт көлемінің де артып отырғанын айтады. Мәселен, былтыр сойыс салмақта жарты тонна жылқы еті, 63 тонна ірі қара мал еті, 60 тоннадан аса қой еті және 2 жарым мың тоннадан аса құс еті, онымен қоса тірідей 450 бас ірі қара мал мен 600-дей бас жылқы алыс жақын шет елдерге экспортталыпты.

.