Түркістандық азық-түлік керуені Астанаға жол тартты

22

Елордада 2-3 қыркүйек күндері Түркістан облысының ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтеді. Шараға өңірден 550 тонна тауар жөнелтілді. Оның ішінде табиғи таза көкөніс, бақша дақылы, сүт, ет , балық өнімдері бар. Бір ерекшелігі оңтүстіктің өнімі нарық бағасынан әлдеқайда арзан сатылмақ.

Биыл Түркістан облысы Астанада өтетін дәстүрлі ауыл шаруашылығы өнімдері жәрмеңкесін алғашқы болып бастайды. Сондықтан 20-ға тарта көлік диқандар тауарын тиеп, сақадай сай тұр. Керуенге қосылған jтырарлық кәсіпкер 15 жылдан бері мал бордақылау ісімен айналысып келеді. Ол бас қалаға 9 тонна ет алып бара жатыр. Айтуынша бұл шара бизнес иелерінің еркін сауда жасауына мүмкіндік береді.

Фархат Еркебайұлы, кәсіпкер: «Қолжетімді бағада ешқандай делдалсыз барып сатамыз. Өтіп кетуіне де жақсы себепкер болып жатыр. Әр барғанда 4-5 жылқының етін алып барамыз. Қолжетімді бағада, халыққа да тиімді. Бұл жолы 3 тонна сиыр еті, 3 тонна жылқы еті, 3 тонна қой етін алып барамыз»

Ауыл шаруашылығы өнімдерінің керуеніне барлық аудан шаруалары өз үлесін қосты. Соның ішінде Отырардан еттен бөлек, қымыран, қауын сынды 16 тоннадан аса тауар елордаға жол тарты.

Ержан Оралбай, Отырар ауданы әкімінің орынбасары: «Қымыран алып бара жатырмыз. 3 тоннадай қауынымыз бар. Түркістан облысы, Отырар ауданының өнімдерінен бөлек біз отырарлық өнерпаздарымыз бара жатыр. Олар астана тұрғындарына өнерін көрсетіп, жергілікті халықтың көңілін көтеруге үлесімізді қосамыз»

2-3 қыркүйек күндері Астана қаласында түркістандық тауарлар жәрмеңкесі өтеді. Онда 550 тонна көкөніс, бақша дақылдары, ет, сүт, балық өнімдері нарық бағасынан 15-20 пайыз төмен бағада саудаланбақ.

Тұрғанбек Оспанов, Түркістан облысы Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы: «Жыл сайынғы дәстүрге айналған Астана қаласының тұрғындары мен қонақтарына ауыл шаруашылығы өнімдері жәрмеңкесі өткізіледі. Экологиялық таза өнімдерімізді сонда апарамыз. Ал өзіміздің ауыл шаруашылық саласына келетін болсақ 7 айдың ішінде 360 млрд-тай өнім өндіріп қойдық. Бақша өнімдері сұранысқа ие болып жатыр»

2 күнге созылатын шара Тәуелсіздік сарайы алдында өтеді. Астана жұртшылығына тиімді баға, табиғи өнімін ұсынуды көздеген кәсіпкерлер Сайрам ауданынан сапарға шықты.