«Ішкі тұрақтылығы жоқ бала мінезін сыртта көрсетеді»

633

«Жаңа күн» бағдарламасының бүгінгі қонағы Ұлттық деңгейдегі тәжірибелі психолог Ләззәт Нұрпейісова:

— Адамның ішкі мәдениетін қалыптастыруды қозғағанды жөн көріп отырмыз. Қоғамдық орындарда дөрекелікке, айқай шуға бір табан жақын тұратындардың әрекеттері неліктен орын алады? Мұның бәрі ішкі мәдениетке байланысты деп айта аламыз ба?
— Адам баласының ішкі мәдениетінің, тұлға болып қалыптасуының бірден бір негізі кішкентай бала кезінен басталады. Ата-ана баланы тәрбиелейді дейді. Бірақ бұл сөздің өзі ойландырады. Ата-ана баланы тәрбиелемейді. Қалай тәрбиелемейді деп қарсы шығуы мүмкін. Тәрбиелемейді дегенім — реңкі бар сөз. Ата-ана қандай болса бала соны істейді.
— Ішкі мәдениет ата-анадан берілетін қасиет пе?
— Бала өмірге келгеннен кейін анасымен бірге болады. Бала үш жасқа келгенде өзінің жеке адам екенін түсіне бастайды. «Мен, мен» деген пайда болады. Осы жаста екінші бала дүниеге келеді. Мұндайда үлкен баланы шетке ысырып екіншісіне көбірек көңіл бөліп кетеді. Тұңғыш баланың ішкі дүниесінде «маған мән берсе екен, маған де назар аударса екен, мені де еркелетсе екен» деген аңсар пайда болады. Үлкендердің баланы ұратын кездері болады. Бұл бәсеке, қоғамдық орындарда орын алатын мұндай жағдайларда ол өзінің мықты екендігін көрсеткісі келеді. Көпшілікте «мен бармын» дегенді білдіру. Сананың ішінде түп сана деген бар. Сонда өзінен кейінгі бала болғаннан кейін үлкен бала елеусіз қалатын болса уақыт өте келе ол өзін мойындатқысы келіп тұрады. Бала ұқыпты, тәртіпті, әдепті болса ол ата-анадан беріледі.
Ата ана бір-бірімен тату-тәтті тұратын болса, бір- бірімен қарым- қатынаста бақытты сезінсе онда бала да бақытты. Ал керісінше ұрыс, төбелес болса, ажырасу болса онда баланың көріп өскені де сол. Ол бір жағына шығады. Кім әлсіз болса бала соның жағына шығады. Бірде әкесінің, бірде анасының жағына шығады. Бұл нәрседе өзіндік ішкі тұрақтылығын қалыптастыруына кері әсерін тигізеді. Ішкі тұрақтылық — ол шыдамдылық. «Тоқта, не болып жатыр, бұған менің қажетім бар ма, қатыстылығым бар ма? Маған осы керек пе?» деген өзін өзі бақылау, өзін өзі тану, өзін өзі түсіну жетіспейді. Көбіне мінез баланың балалық шағымен, жастық шағымен байланысты. Балалық шақтан жастық шаққа өтетін кезде өтпелі кезең болады. Ол не бала емес, не үлкен адам емес. Ата-анасы кішкене бағдар берсе балада қарсылық болады. Ата-анаға қарсы сөйлеуге болмайды дегенді ұстанған бала басқа жерде көпшілік ортада көрсетеді өнерін. Ашуын осы жерде шығарады. Мектеп жасында осы көп кездеседі. Үйдегі ашуын сыртта шығарады. Ересек адамдардың арасында да түп санада қалғандықтан осы нәрсе қайталанады. Өзінің мықтылығын көрсетікісі келіп тұрады.