Жаратылысынан туа бітті тұлға

149

Орны толмас адам болмайды. Бірақ қайталанбас тұлғалар туады. Асанбай Асқарұлы Асқаров солай жаратылған жан еді. Аты аңызға айналған асыл жаратылысынан туа бітті тұлға. Көп қырлы, бір сырлы, тұла бойына тұнып тұрған дарын иесі – асыл азамат еді.

Білікті жан-жақты саясаткер, дарынды басқарушы, сұңғыла шешен, мықты ұйымдастырушы, ол халық шаруашылығының әр саласын жетік меңгерген, ұлттық дәстүр, өнер, әдебиетке, тіршілік мәселелеріне қанық. Асанбай Асқарұлы қазақ және орыс тілдерін қатар сауатты меңгерген адам еді. Оның асқақ ойы мен сөйлесе білу дағдысы қызмет бабында кездескендерді таң қалдыратын. Халқына сыйлы болды, оның алдына талайды көрген басшылардың өзі де жүрексініп тұратын. Ол кешірімді болды. Ал кешірімділік деген ер мінезді қасиет қой. Оңтүстік Қазақстанды жеті жыл бойы жігері мықты Асанбай Асқарұлы сияқты ерекше тұлғаның басқаруы бұл өлкеге үлкен экономикалық үрдіс әкелді.

1978 жылы мен обком комсомолда қызмет атқардым. Сол жылы облыстық партия комитетінің нұсқаушысы қызметін ұсынды. Облыста бірінші басшының ауысуына байланысты менің құжаттарымды кейінге қалдырды. Сондықтан өз кафедрама қайтып барып ғылыми жұмыстарымды жалғастырам, Менделеев атындағы МХТИ-ның аспирантурасына түсуге дайындаламын деп шештім. Күтпеген жағдайда мені облыстық партия комитетніне шақырды. Бірінші хатшының кабинетіне именбей кіргенім есімде. Кабинет қожайыны орнынан тұрып мені орындыққа отыруыма ишара жасады. Өзі қарама-қарсы отырды да, менің өмірбаянымен танысып шыққанын, аудандық деңгейде қызметке кірісуім өз болашағым үшін пайдалы болатынын айтты. Мен комсомол комитетінде 6 жыл жұмыс істегенімді, оның ішінде 4 жыл иниститут комсомол комитетінің хатшысы (аудандық комсомол комитеті хатшысымен) деңгейім бірдей болғанын, енді ғылыми жұмыстарымен айналысуды жоспарлап отырғанымды айттым.

«Сен әкең атқарған істі жалғастыруың керек. Түлкібас және Ленин аудандарында аудандық комсомол комитетінің 1-ші хатшысының орындары бос. Таңдау өзіңнен» – деді байсалды үнмен. Мен қарсы болмадым, туған жерім Түлкібас ауданын таңдадым. Осылайша Асанбай Асқарұлын өмірімде алғаш рет көрдім. Бұл қызметте 1 жыл 5 ай жұмыс атқардым. 1980 жылдың қыркүйек айында ауданымызға облыстық партия комитетінің екінші хатшысы Н.Г. Давыдов келді. Ол аудандық партия комитетінің бюро мүшелерін жинап, облыстық партия комитеті бюросы З. Тұрысбековті аудандық партия комитетінің екінші хатшылық қызметіне ұсынылғанын айтты. Ол уақытта бұл жоғарғы қызметке өмірлік тәжірибесі мол адамдарды ұсынатын. Мен бар болғаны 28 жаста едім. Бұл А.А. Асқаровтың батыл ұсынысы еді. Отыз жастағы Сейтжапаров Нұрланды Сарағаш аудандық партия комитетінің 1-ші хатшылығына қорықпай ұсынды. Асыл аға жастарға осылайша сенім білдіріп, алға жетеледі.

Бір жолы Асанбай Асқарұлы біздің Түлкібас ауданына келді. 1-ші хатшының кабинетіне сол кездегі аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімін басқарушы С.А. Терещенконы шақырды. Сергей Александрович оның барлық сұрақтарына мүдірмей жауап берді. Бірнеше күннен кейін Сергей Александрович Бөген аудандық партия комитетінің екінші хатшысы қызметіне, кейіннен Ленгер аудандық партия комитетнің бірінші хатшысы болып тағайындалды. Сергей Александрович Терещенко Қазақстан Республикасының Премьер-министрі болғаны белгілі. Асанбай Асқарұлы жас кадрлардың қызмет атқарған жерлеріндегі ізденісі мен жетістіктерімен кеңінен танысып, болашақта білгір басшы болатынына сеніммен қарап, жоғары қызметтерге көтермелеп отырды.

А. Асқаровтың келуімен облыстың экономикалық көрсеткіштері күрт өсті. Осы жылдары Шымкент мұнай өңдеу зауытын, шет елдік технологиямен жабдықталған шина зауыты салынып іске қосылды. Осы алып кәсіпорындарды жылу энергиясымен қамтамасыз ету үшін ТЭЦ-3 салынды. Асқаровтың кезінде Шымкент орталығында сәулетті безендірілген көп қабатты үйлер бой көтерді. Облыста Ғазалкент каналының құрлысы басталып, Келес массиві игерілді. Қызылқұм аумағында жүгері егісітігі алқабы күрт ұлғайып, егін және мал шаруашылығы өнімдері көрсеткіштері көтерілді. Бірнеше ірі құс фабрикалары іске қосылды. 1982 жылы өндірісті дамыту жөніндегі жоспарлар мен социалистік міндеттемелерді орындауда жоғары нәтижелерге қол жеткізгені үшін А. Асқаровқа Социалистік Еңбек Ері жоғарғы атағы берілді. Асанбай Асқарұлы әлеуметтік мәселелерге көп көңіл бөлді. Бұрынғы қалалық қоқыс орнында облыс кәсіпорындардың көмегімен, мемлекттік бюджет қаражатынан бір тиын да жұмсамай, облыс тұрғындары мен қала қонақтары үшін демалыс аймағын  еліміздегі ең ұзын балалар темір жолын, хайуанаттар бағын, ипподромды, дендропарк, «Тұлпар» көлі жасалынып, пайдалануға берілді. Бүгінгі күні әлемдегі өсімдіктердің алуан түрі өскен дендросаябақ еліміздің мақтанышы болып табылады және заңды түрде А. Асқаровтың есімімен аталады. Асыл аға Ленгер ауданындағы Алатауда заманауи шаңғы базасын салуды жоспарлап, сызбасы мен қаржы шығынын дайындады. Бірақ үлгермеді. Іштарлық пен орталықтағы партократтардың кесірінен бұл іс жөргегінде тұншықты. Бүгінде мақтауға тұрарлық қажырлы істері үшін Асанбай Асқарұлы 4 жылдан астам ғұмырын темір тордың ар жағында өткізді. Тергеу изоляторында болғанда ол ешкімге басын иген жоқ.

Қазақстанның бірде-бір судьясы беделді тұлғаға қарсы сот процесін жүргізуді мойнына алған жоқ. Оның халық арасында зор беделі болды. Сот отырысы көрші елде өткізілді. Ол халықтың талабы бойынша түрмеден босатылды. Асанбай Асқарұлының басына түскен тағдыр тәлкегінің барлық ауыртпалығына төтеп беруіне оның жары, адал досы Фатима Ғалиқызының еңбегі зор. Адал және ақылды, зерделі жар күйенің есіміне кір келтірмей күресті. Ақыры жеңіп шықты. Бұл туралы Асанбай Асқарұлының 90 жылдық мерейтойы қарсаңында түсірілген «Тұлға» деректі филімінде Фатима Ғалиқызы жан-жақты айтып берді. «Әрқашан танымды тұлғаның қасында ұлы әйел тұрады» деп тегін айтылмаған. Асанбай Асқарұлының сіңірген еңбегіне оның жары Фатима Ғалиқызының демеуі зор болған. Бұл туралы Асанбай Асқарұлының өз аузынан естідім. Шындығында Асанбай Асқарұлы өз заманынан асып туған болар. Егер ол бүгінгі күнде өмір сүріп, жұмыс атқарса, бұдан да жемісті идеялар генераторы, нарықтық экономиканың ұйымдастырушысы, және табысты көшбасшы болар еді деп ойлаймын.

Асанбай Асқарұлы ұлттық болмысты жетік білген. Бірде біздің ауданға облыстық партия комитетінің бюро мүшелері келді. Жұмыс аяқталған соң делегацияны табиғат аясына демалуға шақырдық. Табиғатты тамашалаған соң қонақтар дастархан басына шақырылды. Бәрі аяқтала бере қонақтар жинала бастады. Маған аспаз келіп дайындалған қазандағы палау қалып бара жатқанын айтты. Мен бірден қатты жауап берген болуым керек, Асанбай Асқарұлы бірден назар аударды. Мен мән жайды түсіндірдім.

Мына палау бізге арналып әзірленген ғой? – деп сұрады.

Иә, дедім мен.

Ол дастархан басына барлығын қайта шақырды. Асанбай Асқарұлы: «Арналған асты аттап кетуге болмайды. Уақыт қаншама тығыз болса да ырым жасап ауыз тиіңдер. Осы астың артында талай адамдардың бейнеті бар. Сол жандардың көңіліне қараңдар» – деді.

Содан бері үлкен қызметтерде жүріп, қанша асықсам да, міндетті түрде дастарханнан дәм татамын. Бұл – Ұлы тұлға Асанбай Асқарұлы Асқаровтың маған берген өмірлік тағылымдарының бірі.

Игорь Слуцкийдың мынадай өлең жолдары бар:
Уақыт төреші ғой,
Барлығын өз орнына
Қоятын ретімен.
Кетпейді одан алыс,
Кетпейді өз бетімен.
Кімнің құны қаншама?
Кімге сену керегін,
Өмірдің өзі айтады
Әрбір істің дерегін.
Уақыт өз таңдауын жасады. Бүгінде Асанбай Асқарұлы Асқаров біздің ұлы халқымыздың мақтанышы, ар-намысы, ар-ожданы!

А. Асқаровты құрмет тұтатын шәкірттерінің бірі Зауытбек Тұрысбеков.