Шымкент қаласында қаңғыбас ит пен мысықтарды уақытша оқшаулау орталығы ашылды. Қала бюджетінен осы мақсатқа бөлінген 92 млн. теңгеге арнайы бригада егесі жоқ ит, мысықтарды аулайды.
Қала көшелері мен шағынаудандарда қараусыз жүрген ит мысықтарды аулайтын 6 бригада бар. Қажетті құрал саймандармен жабдықталған бұл мамандар күн сайын 60, 70 бас ит пен мысықты аулап, орталыққа жеткізеді. Әкелінген жануарларды ветеринарлар тексеріп, залалсыздандырып, темір торға тоғытады. Мұнда үш күн бойы мамандардың қадағалауында болады. Егесі табылса алып кетуіне болады, ал ешкім келмесе дәріленіп, арнайы пеште өртеледі.
Құрамында санитар мамандар, әкімдіктің қызметкерлері бар арнайы комиссия жасалып жатқан жұмыстарды қадағалайды. Бұрын аталған қаңғыбыс иттер беккери шұңқырына тасталатын. Тап осындай орталықты ашу өткен жылы қолға алынған, тек қаражаттың жеткіліксіздігінен қайта жабылған еді. Мамандар «бюджеттен бөлінген 15 млн. теңге тірлікті жүйелі етуге жеткіліксіз болды»,- дейді.
Қала көшелерінен қаңғыбас ит пен мысықтар қанша ауланғанымен, олардың саны азаяр емес. Басты себеп — қала тұрғындарының жауапсыздығы. Көбінде үй жануарларын қараусыз қалдырады. Иесіне керек болмаған төртаяқтылар қаңғыбас боп есептеледі. Сондықтан, әр шымкенттік өз әрекетіне жауапты болғаны абзал. Себебі, көше кезген ит, мысық — жұқпалы ауруларды, ең қорқыныштысы, құтыру ауруын таратушы болып саналады.
Нұрлан Күдерұлы