Бұдан былай жерігілікті диқандар өнімдерін Ресейдің Новосібір қаласына жөнелтуге мүмкіндік алып отыр. Бұл жаңалық бүгін облыс әкімінің өңірімізге іс сапармен келген «Фудсиб» көтерме және бөлшек сауда кешенінің инвесторымен кездесуінде айтылды.
Қос тараптың тауар айналымды арттырудағы қарекеттері пысықталған жиында көп мәселе қамтылды. Күнгей кәсіпкерлері осыған дейін де Ресей нарығына өнімдерін саудалап келген. Өңірдегі алпауыт аграрлық кешендердің бірі — «Амангелді» ЖШС-не тиесілі. Мұнда өндірілген өнімдерінің 70 пайызы көрші елге жөнелтіледі. Серіктестік төрағасы экспорт тиімділігін алдымен ондағы сұраныспен кейін қолайлы бағамен байланыстырады.
80 мың шаршы метрді алып жатқан «Футсиб» көтерме және бөлшек сауда кешенінің инвесторы Дмитрий Терешков бастаған делегат оңтүстіктің экспорттық әлеуетін байқау үшін арнайы келді. Кешенге ТМД елдері мен Ресейдің өзге де аймақтарынан азық-түлік тауарларының тасымалданатынын жеткізген шетелдіктер ендігі жерде жергілікті кәсіпкерлерді де әріптестік байланысқа шақырып отыр.
Ал, билік өкілдері қос тараптың өркениетті жағдайда жұмыс істейтініне ықпал етпек.
Бұл кездесу күнгей кәсіпкерлерінің Ресей нарығына тауар тасымалдауын жолға қояды деп күтілуде. Демек, аграрлар көрші елге қашан, неше тонна және қандай өнім жөнелтетінін алдын ала келіседі. Бұл келісімдер есеп айырысуда шетелдіктердің айлакерлік әрекеттерінің де жолын кеседі деп күтілуде. Қос тараптың қарекетіне уақыт төреші.
Мақпал Рысбаева