Мектепке барар жол қауіпті болып барады…

882

Мектепке барар жол! Дәл осындай атаумен түрлі шара, акция өтеді. Әсіресе, сол жолдың қауіпсіз болғаны абзал. Бірақ күре жолдың бойына салынатын білім ошақтарының саны артып келеді. Есесіне балалар жолда майып болуда.

Статистика былтыр балалардың қатысуымен 570 жол көлік оқиғасы тіркелгенін айтады. 42 бала мерт болып, 623 бала түрлі жарақаттар алған. Бұл бір ғана оңтүстікте тіркелгендері. Адам шошырлық сандарды ескерген халық қалаулылары күре жол бойына мектеп салуды тоқтату керек деп шешті.

Былтыр 82 білім нысанының құрылысы жүргізіліп, жыл соңында 32-сі аяқталған. Нәтижесінде 8 апатты, 13 үш ауысымда оқитын мектептердің мәселесі шешілген. Алайда сол нысандардың құрылысы жоспарланғанда, білім алатын балалардың қауіпсіздігі ескерілмейтін сыңайлы. Сарыағаш ауданы, Жаңа Тұрмыс елдімекеніндегі Мәлік Ғабдуллин атындағы мектептің оқушылары күре жолдан күнде өтеді. Ал «олардың амандығы тек ата-аналарын ғана емес, елді ойландыруы қажет», — дейді ауданнан сайланған депутат.

Жаңабай Ағабеков, облыстық мәслихат депутаты: «Сарыағаш ауданына кіре берісте оқушылардың жол көлік оқиғаларына ұшырауы көбейіп барады. Ташкент жолынан бірнеше метр өткендегі жол аса қауіпті болып тұр. Көшеде көлік қағып кетіп, марқұм болғандары қаншама».

Бұл мәселеге облыс әкімінің орынбасары Әліпбек Өсербаев қанық. Халық қалаулыларының басқосуында күрделілік барын жасырмады. Оқушылардың қауіпсіздігі үшін өткелдер салынуы керек дейді.

Ал Ордабасы ауданынан сайланған депутаттар өткен ғасырдың 60-шы жылдарында бой көтерген мектептерде кабинет жетіспей, жоғары сынып оқушылары көрші ауылға қатынап оқитынын мәлім етті. Сайлаушыларымыздан ұят болды деген депутат соңғы бес жылда осы мәселені тұрақты көтеріп жүргенін де айтып қалды.

Әділхан Исабаев, Ордабасы ауданынан сайланған облыстық мәслихат депутаты: «Бірлік ауылында іргетасы 60-шы жылдары қаланған мектептің жоғары сынып оқушылары басқа ауылға барып оқып жүр. Бұл мәселені бес жыл болды көтеріп жатқанымызға. Жобалық сметалық құжаттары дайын. Ұсынысымыз биылғы жоспарға кіргізсеңіздер дұрыс болар еді».

Жиналғандар жауапты мамандардың жауапсыздығы жолда мерт болатын балалардың санын арттырып отырғанын жасырмады. Өз міндетіне салғырт қарағандар жауапқа тартылса, мұндай келеңсіздіктерге жол берілмесі анық деп қорытты. Яғни, жол бойына мектеп саларда ойлану керек деп тарқасты.

Шынар Оразова