Оңтүстік Қазақстан облысында соңғы 10 жылда туберкулездің таралу жағдайы 42,5% – ға, ал өлім-жітім жағдайының 80,7% – ға төмендеуіне қол жеткізілді.

Қазіргі таңда туберкулезді айқындау үшін, 2 сағат ішінде диагноз қоюға мүмкіндік беретін диагностикалаудың заманауи әдістері қолданылады. Облыстық туберкулезге қарсы диспансері, №3 Шымкент қалалық емханасы және Мақтарал аудандық орталық ауруханасында G-expert аппараттары қойылып жұмыс атқарылуда.

Амбулаториялық деңгейде науқастарды емін үзбей емделуіне ынталандыру мақсатында туберкулезбен ауыратын науқастарға амбулаториялық деңгейдегі жалпы 2111 науқасқа орта есеппен 5-10 АЕК көлемінде әлеуметтік көмек берілуде. Облыс бойынша әлеуметтік көмектің көлемі туберкулезге қарсы мекемелерде іс-шараларға жұмсалған қаржының 4,0% құрады. Әлеуметтік көмектің негізгі мақсаты – науқастардың емін үзбей емделуіне ынталандыру.

Оңтүстік Қазақстан облысында туберкулезді біріккен (интеграцияланған) бақылау стратегиясы толық жүзеге асырылды. Яғни, БМСК ұйымдарына фтизиатр мамандары беріліп, туберкулез микобактерияларын бөлмейтін және айналасындағы адамдарға қауіп тудырмайтын пациенттер тұрғылықты мекенжайы бойынша амбулаториялық жағдайда ем қабылдайды. Облысымызда туберкулезге шалдыққан науқастарды емдеу тиімділігі айтарлықтай жоғары. Атап айтқанда, 2016 жылы 85,9%, 2017 жылы 88,0% – ды құрады.

Сондай-ақ, емдеу нәтижелерін арттыруға мүмкіндік беретін туберкулезге қарсы жаңа дәрілер енгізілуде. Облыста туберкулездің алдын алу және диагностикалық, емдік шаралар сапасын жақсарту, халық денсаулығына тиімді көмек көрсету мақсатында 2018 жылы облыстық туберкулезге қарсы диспансердің құрылысы жоспарлануда. Бүгінгі таңда, құрылыс жүргізу үшін 10 га жер телімі бөлініп, жобалық сметалық құжаттарын дайындауға қаржы бөлінуде.

ОҚО Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі