Екі күнде өткізілген арнайы операция кезінде Қазақстанда 29 лауазымды қызметкер ұсталды,-деп хабарлайды ernur.kz ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шара Алматы қаласы мен облысында, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарында бір мезгілде жүргізілген.
«15-16 ақпан күндері ҚР Бас прокуратурасының, ҚР ҰҚК мен ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің үйлестіруімен кеден төңірегіндегі салаларда заңсыз іс-әрекеттерді болдырмау, сондай-ақ мемлекеттік шекара маңындағы аймақтарда контрабандамен айналысатын ұйымдасқан қылмыстық топтарға қарсы іс-қимылды күшейту мақсатында Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстары мен Алматы қаласында бір уақытта ауқымды арнайы операция өткізілді. Нәтижесінде 29 күдікті ұсталды»,-делінген хабарламада.
Осы шара кезінде бір ғана Оңтүстік Қазақстан облысының аумағында 13 күдікті ұсталған. Арасында кедендік қызмет пен құқық қорғау органдарының жоғары лауазым иелері бар. Қалған 16-сы, Алматы, Жамбыл облыстары мен Алматы қаласында қолға түскендер. Күдіктілер қатарында Қырғызстанның екі азаматы да бар.