Мұнай өнімдерін өткізу кезінде делдалдарға тосқауыл қою талаптары күшейтілді

72
фото 7күн.кз

Кедендік-тарифтік және тарифтік емес реттеу шараларын қолдану аясында Үкімет пен мемлекеттік органдардың өкілеттіктері кеңейтілмек. Бұл туралы Парламент Мәжілісінде Мемлекет басшысының жекелеген тапсырмаларын іске асыру мәселелері бойынша заң жобасын таныстыру кезінде ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Абзал Әбдікәрімов айтты.

«Жанар-жағармай саласын реформалау блогына тоқталсақ, көтерме сауда арқылы жеткізушілерге қойылатын талаптарды қатаңдату жолымен, мұнай өнімдерін өткізу кезінде делдалдарға тосқауыл қоюды көздейтін түзетулер ұсынылды», – деді Абзал Әбдікәрімов.

Айтуынша, заң жобасы аясында бағаны мемлекеттік уақытша реттеу кезеңінде газ туралы заңнаманы сұйытылған мұнай газын бөлу бөлігіндегі өзгерістерге сәйкес келтіру ұсынылып отыр. Мұнымен қоса, экономикалық жағдайды ескере отырып, кедендік-тарифтік және тарифтік емес реттеу іс-шараларын белгілеуге бағытталған нормативтік құқықтық актілерді қабылдау мерзімдерін қысқартуды көздейтін түзетулер қарастырылған.

Шынар Оразова