Оңтүстік Қазақстан облысында колледж студенттері арасында ұлттық ойын түрлерінен жарыс өтті. «Рухани жаңғыру» облыстық жобалық кеңсесінің ұйымдастыруымен өткен сайысқа 33 колледждің 720 студенті қатысты, деп хабарлайды inform.kz
«Салауатты ұрпақ» кіші жобасы бойынша өткізілген іс-шара салауатты өмір салтын қалыптастыру мен ұлттық ойын түрлерін дамыту және насихаттау мақсатында ұйымдастырылды. Жастар асық ату, бес тас, тоғызқұмалақ, ләңгі тебу, жаяу тартыс, кім жылдам, эстафеталық ойындар бойынша бақ сынасты. Сайыс қорытындысында асық атуда №11 колледж студенттері мергендік танытса, бес тас ойнауда №11 колледждің тәлімгерлері ешкімге дес бермеді. Ал, тоғызқұмалақтан сайысқа түскен Оңтүстік Қазақстан көпсалалы колледжі бірінші орынды иеленсе, ләңгі тебуден Шымкент медресе колледжінің жастарына ешкім жете алмады. Жаяу тартыста Кентау көпсалалы колледжінің студенттері оза шауып, кім жылдам кезеңінде Оңтүстік Қазақстан жоғары педагогикалық колледжі бас жүлдені жеңіп алды. Эстафеталық ұлттық ойындарында алдарына жан салмаған Оңтүстік Қазақстан көпсалалы техникалық колледжі үздік деп танылды, ал жалпы командалық есеп бойынша №11 колледжі бірінші орынды иемденіп, жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері диплом, медаль, кубок және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
«Колледж оқушылары арасында ұлттық ойындар жарысына бірінші рет қатыстым. Көп дайындықтың нәтижесінде жеңімпаз атандық. Командамыздың барлық ойыншылары ұтамыз деген сенімде болды. Менің ойымша, өзіңе сеніп, аянбай еңбек етсең, жеңіске жетуге болады»,-дейді №11 колледж студенті Пернехан Орынбаев.