«Салбурын – мереке ғой саятшыға». Облыстық салт-дәстүр және әдет ғұрып орталығының ұйымдастыруымен ұлттық өнерді дәріптеу мақсатында этнографиялық шара өтті. Тәңіртаудың баурайына, Түркібасының төріне аудан, ауылдардан құсбегі, саятшылар көптеп жиналды. Құс ұшырып, тазы жүгірткен шараны жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Саятшылық, құсбегілік өнердің тінін жоғалтпай, барынша дәріптеп жүргендер жетерлік. Бабадан балаға беріліп келе жатқан рухани қазынамызды дәстүрмен дәріптегендер саятшылық мерекесінің көрігін қыздырды. Қыран құсты қалықтатып, құмай тазыны жүгіртіп иен даланы дүбірге бөледі.
Төле би ауданынан келген қыран баптайтын Паң ұрпақтары құс салу өнерінің төресін көрсетті. Желден де жүйрік құмай тазыны аңға салып, қиқиулатты. Ниеті дұрыс, білегі құрыш жігіттер қамшы осу дәстүрін дәріптеп, ұмыт қалған ұлттық өнердің бойына қан жүгіртті.
Сейдулла Паң, құсбегі: «Салбурын сайысына қатысып отырмыз. Бүркітімді баптап, осы жерде ұшырып өнерін көрсетіп жатырмыз. Бір, екі қоянға салдық, шырғаға салдық. Бүркіттің еркін ұшуы яғни, адамның қолынан ұшып, көкте қалықтап барып, егесінің қолына келіп қонуы керек. Бүгінгі іс шара жақсы ұйымдастырылған, алдағы уақытта да көптеп ұйымдастырылса дұрыс болар еді».
Ұйымдастырушылардың көздегені бір мақсат — бүгінгі техногенді ұрпаққа титімдей тәмсіл болсын деп құсбегіліктің қыр-сырын тереңнен қаузау.
Жәнібек Тағаев, облыстық салт дәстүр және әдет ғұрып орталығының директоры: «Қансонарда шығады бүркітші аңға» деп жатамыз, ол дегеніміз — жаңадан қар жауғанда аңшылар аңға шығатындығы. Ал «Салбурын — мереке ғой саятшыға» деген бұл қыс бойы аңшылардың шығып аң аулайтын кезеңі. Мұны маусымдық мереке деп айтамыз. Бұл жобаның басты мақсаты жеті атадан келе жатқан салт дәстүрімізді кейінгі жеті ұрпаққа дейін жеткізу, елдің ортасында насихаттау деп білемін».
Жарғақ құлақ тазы, дүрек, қоян шалатын тазыны шараға жетектеп келгендер тазыны баптау да, құс баптау да үлкен шығармашылық деп есептейді. «Ақ тазының алғанынан, қара тазының шалғаны жақсы» дегендей тазылар қоянды алып та жықты, шалып та соқты.
Мұхтархан Атахан, Өнер мектебінің оқытушысы: «Бүгінгі өтіп жатқан салбуырынның мән мағынасы, маңызы — бұл бізге ата-бабамыздан аманат болып қалған құсбегілік, аңкөстік, аңшылық өнерін кеңінен насихаттау, яғни, жаңарту, жаңғырту. Бүгінгі үгіт насихатымыз кешегі бабалардың, сал, серілердің өнерінің жұрнағы».
Бойында қазақы қаны қайнаған ұрпақ барда ұлттық дәстүрдің өлмейтініне көз жеткен күн болды бұл.