Саятшылық дәстүрі дәріптелген күн

1401

«Салбурын – мереке ғой саятшыға». Облыстық салт-дәстүр және әдет ғұрып орталығының ұйымдастыруымен ұлттық өнерді дәріптеу мақсатында этнографиялық шара өтті жуырда. Тәңіртаудың баурайына, Түркібасының төріне аудан, ауылдардан құсбегі, саятшылар көптеп жиналды.

Саятшылық, құсбегілік өнердің тінін жоғалтпай, барынша дәріптеп жүргендер жетерлік бүгінде. Бабадан балаға беріліп келе жатқан рухани қазынамызды дәстүрмен дәріптегендер саятшылық мерекесінің көрігін қыздырды. Қыран құс қалықтатып, құмай тазы жүгіртіп, иен даланы дүбірге бөледі.

Төлеби ауданынан келген қыран баптайтын Паң ұрпақтары құс салу өнерінің төресін көрсетті. Желден де жүйрік құмай тазыны аңға салып, қиқулатты. Ниеті дұрыс, білегі құрыш жігіттер қамшы өру дәстүрін дәріптеп, ұмыт қалған ұлттық өнердің бойына қан жүгіртті.

Ұйымдастырушылардың көздегені бір мақсат – «бүгінгі техногенді ұрпаққа титімдей тәмсіл болсын» деп құсбегіліктің қыр-сырын тереңнен қаузау. Қос басында айнала отырып бүгінгі атбегілік, құсбегілік жайлы көпшілікке беймәлім тұстарынан сыр шертті. Тірі бүркіт пен тазыны, тұлпарды тек теледидардан ғана көретін балғындар үшін мұндай тағылымды әңгімелердің берері көп, әрине.

Сейдулла ПАҢ, құсбегі:
– Салбурын сайысына ұзақ дайындалдық. Бүркітімді баптап, осы жерде ұшырып, өнерін көрсеттік. Бір-екі қоянға, шырғаға салдық. Бүркіттің еркін ұшуы яғни, адамның қолынан ұшып, көкте қалықтап барып, егесінің қолына келіп қонуы керек. Осы көрініске көпшілік куә болды. Бүркітім бабында. Іс-шара жақсы ұйымдастырылған. Алда да жиі ұйымдастырылса дұрыс болар еді.

Жәнібек Тағаев, облыстық Әдет – ғұрып және салт – дәстүр орталығының директоры:
– Бұл жобаның басты мақсаты – жеті атадан келе жатқан салт-дәстүрімізді кейінгі жеті ұрпаққа дейін жеткізу, ел ортасында насихаттау. «Қансонарда шығады бүркітші аңға» деп жатамыз, ол дегеніміз – жаңадан қар жауғанда аңшылар аңға шығатындығы. Ал Салбурын – бұл қыс бойы аңшылардың шығып аң аулайтын кезеңі. Мұны «маусымдық мереке» деп айтамыз.

Жарғақ құлақ тазы, дүрек, қоян шалатын тазыны шараға жетектеп келгендер тазы баптау да, құс баптау да үлкен шығармашылық деп есептейді. «Ақ тазының алғанынан, қара тазының шалғаны жақсы» дегендей тазылар қоянды алып та жықты, шалып та соқты. Бойында қазақы қаны қайнаған ұрпақ барда ұлттық дәстүрдің өлмейтініне көз жеткен күн болды бұл…

Бүгінде өңіріміздегі құсбегілік, атбегілік өнері қалай дамып жатыр? Біраз тоқталып өтсек…

Құсбегілік – өнердің төресі

Қазір атбегілік, құсбегілікке қызығушылардың қатары артып келеді. Құсбегіліктің Оңтүстіктегі бүгінгі жай-күйі туралы атақты құсбегі Жомарт Кеуенов тереңнен қаузап өтті: «Облысымыздағы Ұлттық спорт мектебінде «Саят» бөлімі бар. Мектеп шәкірттері түрлі республикалық, халықаралық дәрежедегі жарыстарға барып, қанжығалары майланып жүр. Аталған мектепте жылдық жос-пары жасалады. Сол бойынша түрлі турнирлерге, жарыстарға, чемпионаттарға қатысамыз. Құстарымызды баптаймыз. Қазір өзімізде бүркіт, қаршыға бар.

Саятшылыққа қызығатын балалардың екі тобы бар. Әр топта он бала жаттығады. Саятшылықтың қыр-сырына үйретеміз. Ересектер тобында 21 жастан 80 жасқа дейінгі азаматтар қосыла алады. 2014 жылы мүлікті заңдастыруға байланысты арнайы заң шықты. Сонда «Қыран» федерациясы құстарымызға заңды төлқұжат берді, микрочип берді. Барлығы да заңды жүзеге асырылады.

Құстарды көбіне тауға барып, табиғаттан аламыз. Алматыда «Сұңқар» атты питомник бар. Онда бүркіттің балапаны 2 000 АҚШ доллары тұрады. О жақтан сатып алғанда да қалай болып шығары белгісіз. Мәселен, бір бүркіт батыл келеді, енді бірі түлкінің терісінен қорқады. Шырғаға салғанда бәрі білінеді.

Қайтпас қайсарлары болады арасында. Сондықтан да қыруар қаржыға сатып алған күнде де сол балапанның ертең қандай болып шығары белгісіз. Бүгінде құсбегілік өнерді дамытуға ешқандай кедергі жоқ. Қайта ұлттық өнердің осы түрін дамыту үшін барынша жағдай жасалуда.

Бізде құсбегіліктің қыр-сырын үйренген 10 баланың арасынан бесеуі жолын жалғастырса, бұл – үлкен жетістік. Егер бала осы өнерге құмар болмаса, «Сүйреп салған тазы түлкі алмайды» дегендей одан түк шықпайды… Дегенмен соңғы әлетте ұлттық спорт түріне деген барынша қолдау көрсетіліп жатқаны қуантады. Аталмыш спорт түріне қызығушы жастардың қарасы да көбейіп келеді».


Құсбегіліктің жілігін шағып, майын ішкен майталман мамандардың айтуынша, құс баулу – үлкен өнер. Оларды тамақтандырудың өзі жатқан бір ғылым. Бір ителгі күніне 150-200 грамм сиыр етін жесе, ал бүркітке 450-600 грамм ет берілуі керек екен.

Атбегілік қарқынды даму үстінде

Ашылғанына 10 жылдан асқан Ұлттық спорт мектебінде қазақтың ат спорты мен қыз қуу, теңге ілу, бәйге, аударыспақ, сайыс, көкпар, тоғызқұмалақ сияқты ұлттық ойындары бойынша спортшылар дайындалады. Сондай-ақ, олимпиада бағдарламасына енген конкур спорты да дамуда. Асық ату мен ләңгі тебу де жақсы жолға қойылған. Атбегіліктің жайы еді білмегіміз…
Алданұр Құрманбаев, ОҚО Ұлттық спорт түрлерінен балалар мен жасөспірім-дердің маман-дандырылған спорт мектебі директорының орынбасары:
– Мектебіміздегі ат спорты тобына 10 жастан асқан балалар қатысады. Екі тобымыз бар. Әр топта 10 баладан, барлығы20 шақты бала жаттығады. Арнайы жаттықтырушымыз бар. Ат спорты түрлері аудандарда да жақсы дамып келеді. Төлеби, Қазығұрт аудандарында бөлімдеріміз бар. Ал құсбегілік бойынша дәстүрді жалғастырушылар кемшін түсіп жатыр енді. Төлебидегі Кеңесарық ауылындағы Паң әулеті құсбегілікпен айналысады. Сосын Сайрам ауданында бір құсбегі бар. Солар осыған қызығатындарға арнайы үйрету сабақтарын өткізіп тұрады.

Еркебай Омарбек, Көкпардан жастар арасындағы аға жаттықтырушы: «Бүгінгі таңда аттарымызды қыстық шілдеден шығарудамыз. Яғни, қыс бойы демалдырып, жемдегенбіз. Енді оларды суытып жатырмыз. Ат спорты бойынша 2002 жылғы балаларды қабылдау үстіндеміз. Көкпар шабатын бала өзі белгілі болып тұрады. Облыс құрамасында 12 бала бар. Облыстық чемпионат өткізгенде әр ауданнан келген балалардың арасынан таңдап аламыз. Атбегілік дәстүрі өңірімізде мықты даму үстінде. Кемелденген шағы десек болады».

Өмірін арғымақпен байланыстырған, қаны да, жаны да тұлпардан жаралған қазақ тұрғанда атбегілік өнердің өлмейтіні белгілі. Бүгінде дәстүрдің тінін бұзбай дәріптеп жүргендердің арқасында ғасырдан ғасырға жалғасып кете беретіні айқын. Ал құсбегілік өнері бабасынан баласына беріліп келе жатқан ұлттық тін тұрғанда оның да жоғалмайтынына сенгіміз келеді.

Бүгінде Словения мемлекеті құсбегілік туралы арнайы пәнді мектеп бағдарламасына енгізген. Еуропалықтардың құсбегілікке деген қызығушылығы артып тұрған тұста біз қалың ұйқыға кеткен сықылдымыз. Сондықтан да құсбегілікті атакәсібі санаған ұлтымызға сілкінетін кез келген сынды.

Гүлжан ЖҰМАШ