«Сериалдан кейін режиссерлер де, сценаристер де оянады»

727

Ұлттық арнадан көрсетілген «Қозы Көрпеш-Баян-Сұлу» телехикаясы халық арасында қызу талқыға түсті. Сериал алғашқы эпизодынан-ақ көпшіліктің сын садағына ілікті. Баян Мақсатқызының продюсерлігімен түсірілген сериалға қатысты Оңтүстіктің өнер адамдары не дейді екен?

Осы орайда белгілі драматург Сая Қасымбектің пікірін сұрап білдік және осы телехикая аясында айтылған бірқатар пікірлерді де назарларыңызға ұсынып отырмыз.

«Мұндағы ең басты қателік – «бүгінгі қоғамның психологиясына сәйкестендіріп түсірем» деп ұлттық құндылығымыздан алыстап кеткен. Кез келген ұлттың психологиясына сомдап алған керемет ай келбетті ару қыз бар. Ал, батыр десек, кез келген сәтте кірпік қақпай, ел үшін, жер үшін, отан үшін, ару үшін, махаббат үшін жауға шабатын батыр бар. Осындай дәстүрлі көзқарас қалыптасқан құндылықтар ескерілмеген. Режиссердің көзқарасымен алсақ, бәлки сол замандағы Қозы мен Баянның қарекеттері сондай болуы мүмкін. Бірақ бізге ғасырдан сүзіліп, сарапталып жеткен дәстүрлі ұғым бар. Мына жеке актрисаға байланысты да көптеген мін айтылып жатыр. Мен ол қызды да аяймын. Басты кейіпкерге таңдалғаны үшін ол қыздың жазығы жоқ. Ол өз жұмысын пәрменінің жеткенінше атқарды. Бірақ халықтың санасына сіңген Баян Сұлуға келмеді. Ал, мына Қозы бұқпантайлап, біресе қыздың үйіне, біресе шымылдықтың артына, біресе аттың бауырына тығылады. Баян айтса айтқандай тура Қошақан сияқты. Тағы да айтам біздің санамызға сіңген Қозы мұндай емес. Ол қажет жерінде «жаным – арымның садағасы» дейтін жігіт» деп әңгімесін бастаған Сая Қасымбек телехикаяның сәтсіздігі дәстүрді сақтамағандығында екенін айта келе «Қыз Жібек» көркем фильмін мысалға келтірді.

«Меруерт Өтекешова Қыз Жібекті ойнағанда жәудіреген көзімен, періштедей пәк кейпімен жүрегімізді жаулап алды. Қазақтың әрбір қызы «Қыз Жібектей болсам» деп армандап өсті. Мына сериалда режиссердің басты қателігі – Баян Сұлуды дұрыс таңдай алмағанында. Баян Сұлуды сомдаған актрисаның халық жүрегіндегі аруға сай келмегендігі. Егер ол сай болса, кинодағы көптеген кемшіліктерді жауып жіберер ме еді?!» дей келе «қыздың тек келбеті сай келмегендігі ғана емес, бақшаңдап сөйлеуі де ерсі көрінеді» деп бағалады.

«Мен тағы да айтам. Бұл жерде режиссер дәстүрді аттап кеткен. Ол кілтті таппай тұр. Мысалы «Қыз Жібек» фильмінде маржанды шашып жібергендегі күй мен сахнаның үйлесуі қандай керемет еді. Біз осы сахнамен өстік қой. Тіпті Төлегеннің қазасын жанып тұрған отты өшіру арқылы қалай жеткізді. Осы сахналар дәстүрді көрсетеді. Шын мәнінде ондай дәстүр болды ма болмады ма біз білмейміз. Бұл деген режиссердің шеберлігі. Сол сияқты осындай детальдарды байыту арқылы «Қозы Көрпеш-Баян Сұлуды» алып шығу керек еді. Тіпті мен бір жерінде байқап қалдым. Кинода қолданған пышақтың өзі кәдімгі қазіргі заманда қолданатын дүкенде сатылатын пышақ. Бұл деген сұмдық қой. Көрермен бұған мән бермейді деп ойлайды. Бірақ осындай кішкентай ғана детальдың өзі бүкіл фильмді жоққа шығарып жібере алатын пәрмені бар. Бұл сериал логикаға сыймайтын антилогикалық сахналар өте көптігі арқылы үлкен қарсылық тудырып алды» деген драматург бір жағынан мұндай фильмдердің керек екеніне тоқталды. Айтуынша, бұдан былай сценаристер де режиссерлар да ес жинап, мұндай олқылықтарға жол беруден сақтанады екен.

«Біз қазақ – аз халықпыз. Эпикалық құндылықтарымызды көзіміздің қарашығындай сақтау арқылы ғасырдан ғасырға жеткізе аламыз. Сондықтан, бұл құндылыққа аса ыждаһаттылықпен қарауымыз керек» деген Сая Қасымбектен сериалды түсіруге жұмсалған қаржыны қайтарту жөніндегі шудың қаншалықты дұрыс не бұрыс екенін сұрадық.

«Негізі мұндай да кинолар болу керек. Мен бір нәрсеге қуанамын. Біз осы кино шыққан соң ауызбіршілігімізді көрсете білдік. Ұлттың өнері, мәдениеті жанымызға бататынын көрсеттік. Осы айқайдан кейін барлық продюсерлер, сценаристер, режиссерлер оянады. Олар дәстүрлі құндылықтарымызға мойын бұратын болады. Кеткен қаржыны қайтаруды талап ету дұрыс емес. Өйткені, Баян Мақсатқызының жеке басына тиіп жатқан адамдар көп. Ол біздің қазақтың алғашқы шоу-бизнесін жарып шыққан қызы. Оның жеке тағдырына ештеңе демеймін, деуге де құқым жоқ. Ал, өнерге байланысты келсек, ол ақша тауып берді. Осы фильмді түсіргісі келіп, жанталасты. Әрмен қарай сценарист пен режиссердің үстіртін қарауынан осындай жағдайға ұрынып отыр. Сондықтан қаржыны қайтару деген шамалы томпақ. Өйткені, бұл жерде еңбек етілді» деп жауап берді.

Қайнар Олжай, «Қазақстан ұлттық арнасының» бас редакторы:
Сериал түсіру жұмысының дайындықсыз немесе аз ғана дайындықпен ғана басталғаны даусыз. Наурыз айында шарт жасасып, желтоқсан айында алты сериалы «Қозы Көрпеш – Баян Сұлуды» өткізіп беру – осы жүйенің құрбаны болу. Иә, корпорация басшылығына келген Ерлан Қарин бұрын стратегиялық зерттеу саласының маманы ретінде тоғыз айда алты сериалы тарихи драма түсірудің мүмкін болмасын анықтап, алдымен жүйені өзгертуге ұмтылғанда қазіргі жағдайға тап болмас еді. Телевизия саласының маманы Баян Мақсатқызы көп сериалы тарихи драма түсіріп, монтаждап, өткізуге тоғыз айдың аздық етерін түсіндіруі, киноға кіріспес бұрын бұған дейінгі тәртіпті өзгерту керектігін талап етуі керек еді. Жоқ, өкінішке орай олай болмады. «Баян Сұлудың» бірінші ащы сабағы осында жатыр.

Жүрсін Ерман, ҚР еңбек сіңірген қайраткері:
Осыдан бес-алты жыл бұрын, дәл сол Ұлттық арнада мына үндінің бір сериалы жүріп жатты ғой. «Келін» деген. Құдайдың құтты күні, кісілердің басын айналдырып, жаңағы арзан нәрсе, ал сол кезде қайда қалды осы жұрт, айтатын болса? Қаншама адамның миын улады! Әншейінде ермек қылатын нәрсе ғой! Ал енді қазір мына бір өзіміздің эпосымыз киноға айналған екен, сәтті шығар, сәтсіз шығар, неге осыны соншама созып кеттік? Осының ар жағында бір жаңағы саяси көзқарастар, ойындар тұрған сияқты болып көрінеді маған. Қазақ қоғамы – осыны қашан тоқтатады? Осы өзімізді-өзіміз аяқтан шалып, өзімізді-өзіміз ірітіп-шірітуді қоятын кез болды ғой

Райхан Әкімбаева, көрермен:
– Сериалдың түсірілім жұмысын таза профессионализм дей алмаймын. Костюмдері де жұпыны. Актерларға соншама жасанды ойнауға бола ма екен?! Актерлар арасында махаббат сезілмеді. Сюжеті тіпті нашар. Әлсіз. Басқа-басқа, Баян Мақсатқызы қолға алған соң сериал жақсы шығу керек еді. Сюжетіне келсек, интрига жоқ, кейіпкерлерде образ деген мүлдем жоқ. Бәрі екі ойлы, төрт ойлы. Бір шешімге келе алмай алты серияға созыпты. Кейіпкерлердің образдары ашылмаған. Тек Баянның мінез-құлқында, әлде образында дейміз ба, феминизмнің иісі шығады. Қарабайдың образы ғана ашылған сияқты. Дүниеқұмар, қорқақ. Қалған актерлар нашар ойнады. Көздерінде лапылдап жанған махаббат сезілмеді. Жай ортаңқол сериал болды. Әлемде бір шығарманы бірнеше киностудия әртүрлі реңк беріп түсіріп жатады ғой. Біреуі ортаңқол фильм боп шықса, келесісі шедеврге айналып жатады. Жақсы сценарист таңдап, мықты режиссер қолға алса, Қозы Көрпеш-Баян сұлуды қайтадан фильм етіп түсіріп, шынымен махаббат символы болатындай қос ғашықтың образын ашу керек сияқты. Тарихи фильм, сериал түсіру де оңай емес. Бізде сериал тұрмақ, кино түсіруді өзі енді тәй-тәй басып келе жатқанда, сериалдың сәтті шығуы мүмкін емес.

Дайындаған: Жанерке ХУМАР