Белгілі драматург Сая Қасымбектің «Жыл кітабы – «Жанталас» атты шығармашылық кеші өтті

1097

Бүгін Шымкентте белгілі жазушы, драматург, Сая Қасымбектің «Жыл кітабы – «Жанталас» атты шығармашылық кеші өтті. Әдеби кешке өңірдің бірқатар зиялы қауым өкілдері, оқырмандар және БАҚ өкілдері қатысты.

«Отырар» қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасының «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясында 2021 жылдың драматургия жанры бойынша Сая Қасымбектің «Жанталас» атты туындысы жыл кітабы болып таңдалған.
Автордың кездесу кеші Сақ патшайымы туралы, яғни «Томирис» пьесасының үзіндісін сахналаудан басталды. Ал балаларға арналған «Батыл көжектер» пьесасынан үзіндіні кітапхананың кішкентай бүлдіршін оқырмандары орындады.

Оқырмандар кеш барысында қаламгердің тек драмматург қана емес, ақындық қырының барын да білді. Сая Қасымбектің сөзіне жазылған Қанат Жұмабаевтың «Тәтті елес» әнін Шымкент мәдениет үйінің әншісі Сафура Абдразақова орындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

Кештің қадірлі қонақтары – айтыскер ақын Нұрлан Есенқұлов жырдан шашу шашса, белгілі кинорежиссер Батырхан Дәуренбеков кинодраматургия бойынша авторға өзінің тың ұсыныстарын жеткізді. Ал кеш қонағы, Қайрат Мәуленов қаламгердің бала кезі туралы қызықты естеліктерімен бөлісті.

Еркін форматта өткен кездесу кешінде онлайн оқырмандар да көкейде жүрген сұрақтарын қойып, белсенділік танытты. Іс-шараға келген қонақтар бүгінгі драматургия, ежелгі тарих, әдебиет пен мәдениет, театр тарихы төңірегінде көкейкесті пікірлерін ортаға салды.

– Біздің тарих әлі толық зерттелген жоқ, бізден бұрын жазылған тарихты кеңес жүйесі комбайнмен орып кеткендей жоқ қылды. Жанталасып тарихқа үңілсек, тек хандық дәуірі ғана сөйлейді, ал орта ғасыр опырылып тұр. Бұл менің жаныма қатты батады. Бізді кейінгі тарих көшпенділер дейді, бұл дұрыс емес. Аттың үстіне қонған халық болғанбыз, бізде Ұлы Жібек жолының бойындағы ұлы өркениет болғанын ұмытпауымыз керек, – деді автор.

Кеш соңында «Отырар» қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасының директоры Анар Жаппарқұлова сөз алып, жазушы, драматург Сая Қасымбекке шығармашылық табыстар тіледі. Сондай-ақ жазушының «Жанталас», «Тәңірдің қылышы» атты үш томдық QR – кодталған кітаптарының электронды нұсқасы оқырман назарына ұсынылды.

QAINAR KÓZШымкент қаласының Ақпараттық-коммуникациялық орталығы