Су қоймалары мен каналдарда күрделі жөндеу жүргізілуде

830

Осыдан 8 жыл бұрын Қызылағаш су қоймасында апат болып, салдарынан су тасқыны 45 адамның өмірін қиғаны есте. Сол қайғылы оқиғадан кейін Үкімет республикадағы барлық су қоймалары, гидротехникалық құрылымдар мен каналдарды түгендеп, апатты жағдайдағы тозығы жеткен нысандарды жөндеуге қомақты қаржы бөле бастады.

Оңтүстік Қазақстан облысында 43 су қоймасы болса, солардың 19-ы республикалық меншікте. Бүгінде Арнасай, Тоғыс су қоймаларында қайта құру жұмыстары аяқталды. Жақында Сарыағаш ауданындағы күрделі жөндеуден өткен Ақылбексай су қоймасы пайдалануға тапсырылады. Ал Бөген су қоймасындағы Түркістан магистралды каналы қайта құрудан өтіп, жаңа қашыртқы салынуда.

Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, Бөген су қоймасының аумағында құрылыс жұмыстары қызу жүргізілуде. «Жилстройиндустрия» серіктестігі Түркістан каналын күрделі жөндеуден өткізіп, жаңадан қашыртқы салуға кіріскен. Нысанға бюджеттен 2 млрд. теңге бөлініп отыр. Құрылыс былтыр қазан айында басталыпты. Оған осы төңіректегі және облыстың өзге де аудандарының тұрғындары тартылған.

Бөген қоймасы толған бойда артық су осы қашыртқы арқылы егістікке жіберіледі. Құрылысшылар бетондау жұмыстарын алдағы екі айда аяқтаймыз деп отыр. Әзірге барлық жұмыстар кестеге сай жүргізілуде.

Дінислам Нұрдәулет, «Жилстройиндустрия» ЖШС-нің нысан жетекшісі: 10-шы сәуірде бітіруіміз керек. Одан кейін шаруаларға су беріледі тамызға дейін. Бұл учаскеде құрылыс уақытша тоқтатамыз».

Күрделі құрылысты бастауға негіз болған — апатты жағдайдағы Түркістан каналы. Өткен ғасырдың 60-шы жылдарында қолданысқа берілген гидротехникалық құрылымның қабырға табандарында сызат пайда болып, бетондары үгітіле бастаған. Құрылысшылар каналдың ол бөлігін қайта бетондап шығады. Құрылыстың сапасын тапсырыс беруші «Қазсушар» өңірлік филиалының мамандары қадағалап отыр. Түркістан каналындағы жер асты суларын 3,7 шақырымы қайта жөнделеді.

Бөген су қоймасының көлемі 370 млн текше метр. Мұндағы суармалы жер көлемі 54 700 гектарды құрайды. Негізі Арыс өзені арқылы толығатын су айнасының көлемі өте ауқымды. Қоймаға су қорын қарқынды жинау наурыз-сәуір айларында басталады. Мамандар қойманың өзіне де күрделі жөндеу қажет екенін айтады.

Осы жұмыстарға түрткі болған осыдан 8 жыл бұрын Алматы облысы, Қызылағаш ауылындағы дамбының жарылуы деуге негіз бар. Сол кезде су бөгеті кемерінен тасып, бүкіл бір ауыл топан судың астында қалған еді. Ауылдағы 500-дей тұрғын үйдің 70 пайызы қирап, 45 адам қаза тапқан болатын. Тұрғындардың басым бөлігі үйлері мен мүліктерінен айырылып, көптеген әлеуметтік нысандар бұзылып, коммуникация жүйелері істен шықты.

Осындай қайғылы оқиғалардың алдын алу үшін Үкімет респеубликадағы су қоймалары, каналдарды түгендеп, Пайдалану мерзімі аяқталған нысандарды қайта құруға кезең-кезеңімен қаржы бөлуде. Соның ішніде Оңтүстік өңіріндегі гидроқұрылымдардың күрделі жөндеу жұмыстарына былтырдан бері қомақты қаржы бөлінуде. Нысандарды табиғаттың тосын мінезіне төтеп бере алатындай етіп салу сала мамандарының мойнына жүктелген.

Шынар Оразова