Бүгін Шымкентте жергілікті билік өкілдері мен төтеншеліктер су тасқынына дайындықты тағы бір пысықтап алды. Қатерлі жағдайларға жол бермес үшін коммуналшылардан құралған бірлескен топ шаһардағы 146 шақырым арық-атызды тазалап шығатын болады. Осыған дейінгі орын алған оқыс жағдайлардан сабақ алған жауаптылар қазір қауіпті аймақтарды жіті бақылап, мониторинг жасап отырмыз дейді.

Көктем жақындаған сайын су тасқыны қаупі күшейе түседі. Осыны ескерген бірлескен топ дайындықтарын тағы да сүзгіден өткізіп алмақшы. Жауаптылар»ЛТД -тұрмыс» ЖШС техникаларының дайындығын да байқап көрді. Қажет болған жағдайда коммуналшыларға өзге де ұйым қызметкерлері көмекке келеді.

Былтыр нөсер жауын кезінде 12 көшені су басып, тіпті аулаларды алып кеткен. Осындай оқыс жағдайлар жауаптыларға биыл сабақ болған сыңайлы. Дайындықты күшейткен мамандар жайсыз жәйттерге сақадай саймыз дейді.

Қуат Кенжебекулы, Шымкент қаласы ТЖБ басышысының орынбасары: «Біз арнайы мониторинг жүргізіп отырамыз. Жүргізіліп отырған шаралардың сапалылығы біздің назарымызда».

Коммуналшылар мен өзге де жауапты мекемелердің су тасқынын алдын алуға бағытталған жұмыстары жалпы жиналыста да талқыға түсті. Арнайы қызметтің мамандары тиісті шараларды шетінен шолып шықты.

Төтеншеліктер мен жергілікті билік өкілдері су тасқыны кезінде бірлесіп әрекет етеді. Бір-бірімен пікір алмасуға мүмкіндік алған бірлескен топ оқыс оқиғаларға жол бермеудің қамын қарастырды.