Қауіп жоқ: «Заречное» БК шу тудырған видеоға қатысты пікір білдірді

65

Түркістан облысындағы уран өндіретін «Заречное» бірлескен компаниясы, зиянды улы заттардың төгілгені туралы тарап кеткен видеоға қатысты ресми түсініктеме берді. Ұлттық компания бүгінде жағдайдың бақылауда екенін, қоршаған ортаға ешқандай қауіп төніп тұрмағанын айтты. Ал жарияланған ақпарат бойынша ішкі тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Бұл видеода автор уран өндірумен айналысатын компания радиоактивті заттарды арналмаған орынға түсіргенін айтқан. Сөзінше, бұл заңсыз әрі қоршаған ортаға қауіпті екен.

Ал бұл, дәл сол кен орны! Мұнда уран шикізаты өндіріліп, одан әрі өңдеу үшін басқа зауыттарға жіберіледі. Қалдықтар мәселесіне келер болсақ, оларды уақытша орналастыру үшін арнайы орындар қарастырылған. Компания өкілінің айтуынша, мұнда ешкім ештеңені бей-берекет төге алмайды. Зиянды заттардың жерге төгілуі техникалық ақауларға байланысты төтенше жағдайларда ғана болуы мүмкін.

Қанат Нұржанов, «ЗАРЕЧНОЕ» БК» АҚ Бас директоры: «Ол видеода жұмыстың басын ғана көрсетіп, соңғы жағын көрсетпей кішкене монтаждалып жарияланғандықтан халық дұрыс түсінбей қалды. Негізінде жұмыс олай жүргізілмейді. Өзіміз осында әр операция, технологиялық авариялар да болсын барлығын ұқыптап, табиғатқа зиян келтірмеу үшін жүйелеп жинап қоямыз. Жаңа бәрін өздеріңіз бастан аяқ көрдіңіздер. Айтылған оқиға бойынша қазір Экология департаменті тексеру жүргізді. Қорытындысын аламыз. Қандай да бір зиян келген болса, бәрін реттейміз».

Мекеме мамандары мұндағы барлық қалдықтар жіктеліп, бөлінетінін айтады. Төменгі деңгейдегі радиоактивті қалдықтар бөлек жиналып, арнайы дайындалған орында уақытша сақталады. Содан кейін ол қалдық кәсіпорын жұмыс істейтін аумақтан алыс орналасқан көму орындарына жіберіледі. Қышқылданған топыраққа келетін болсақ, ол алдымен тазаланып, қауіпсіз деңгейге жеткізіледі. Содан кейін ғана технологиялық жұмыс барысында қолданылады.

Иван Авдесев, «ЗАРЕЧНОЕ» БК» АҚ Бас директорының өндіріс жөніндегі орынбасары: «Тек біз емес, барлық жер қойнауын пайдаланушылар бұл аумақта тау-кен өндіру бойынша негізгі қызметті аяқтағаннан кейін жерді толығымен мемлекетке қайтаруға міндетті. Ол үшін мемлекет арнайы комиссия құрып, бізден осы кен орнын қайтарып алады».

Айта кетейік, «Заречное» БК компаниясы 2001 жылы құрылған, ол «ҚазАтомӨнеркәсіп» ұлттық компаниясының еншілес кәсіпорны болып табылады. Бұл Түркістан облысындағы кен орнында жер асты ұңғымалы шаймалау тәсілін қолданып уран өндірумен айналысатын, шетелдік инвестициясы бар «ЗАРЕЧНОЕ» Қазақстан-Ресей-Қырғызстан бірлескен кәсіпорны.