Коммуналды қызмет ақылары аспанға ұшып кетті. Әсіресе, табиғи газдың. Айдың аяғында келетін төлем қағазында ғарыштық баға жазылады. Онсыз да қымбатшылықтың құрсауынан құтыла алмай отырған қарашаға бұл қатты соққы болып тұр. Биылдың алғашқы айы осылайша аспандаған бағаларымен қарапайым халыққа «тосынсый» жасады. Қалтаны қағатын мұндай ақыны төлеуге екінің бірінің шамасы келе бермесі анық.
Алайда…
Халықтың қамын ойлап жатқан жан бар ма? Қайта бұқараның қалтасын қағуда коммуналдық қызмет салалары жарысқа түскендей. Құлқындары құдық. Тәбеттері тым терең. Аталмыш салалардың жұмысы ешқашан бас бармақпен бағаланған емес. Алайда төлемақыны көбейтуге келгенде тым белсенді.
Желтоқсан айына табиғи газ үшін төлем түбіртегін алған шымкенттіктер талып қала жаздады. Екі есе десек тым аз, үш есе дейін десек тым қымбат деу-ге жетеқабыл, төрт есе ақы десек дәл болар.
Төлемнің тым қымбаттығынан әбден ығыр болған жұрт үнемдеуді үйренген. Сол үнемшілдік епке сеп бола алмады бірақ та. Көпшіліктің қарсылығына түкіріп қойғаны бар газдың құлағын ұстап отырған алпауыт компания электронды есептегіш құралдарын орнатты. Бұрынғыдай өлімсіреген газға жан біткенімен, қалтаны қақтап барады. Мақтауын жеткізген электронды есептегіш құралының тілі тіптен зырылдап айнала ма, әйтеуір елдің мұртына мұз қатырмаса да, түске кірмейтін соманы топ еткізетіні бар.
Коммуналдық қызмет ақысы аспанға түгілі ғарышқа ұшып кетсе де үндемеуге үйренген тұрғындар бұл жолы төзімнің де түбі, шыдамның да шегі болатынын байқатты.
Қаладағы Мәделі қожа көшесінің тұрғындары аттандап шықты. «әр отбасы бір айға 30-40 мың теңге төлеп отырмыз» деген Руслан Тәжиев ашынған жұрттың айқайын жеткізді. Бұрын әр айда 500 текше метр газ тұтынатын тұрғындар бұл жолы 1000 текше метр газдың төлем құжатын алғанын айтып отыр. Олар «Қарапайым есептегіш құралдары бар кезде былайша теспей сорып отырмайтын» деп ашынады.
Малика Құрбанова, қала тұрғыны:
– Табиғи газға қараша айында 9 мың теңге төледік. Ал енді міне 33 мың теңге келіпті. Бұл не деген сұмдық? Үй ішін күндіз жылытып, түнде өшіріп қоямыз. Не болмаса күндіз өшіріп тастап, түнде ғана жай қосамыз. Мұндай ешуақытта болған емес.
Коммуналды төлемдер бойынша қызмет көрсететін орталық, яғни «РЦКУ – Шымкент» ЖШС қызметкерлері: «Тұтынылған газ абоненттің есептегіш құрылғысы бойынша есептелінеді. Ол спутник арқылы бақыланады. Қателік кетуі мүмкін емес. Электронды есептегіш құрылғысынан тікелей орталықтандырылған жүйеге келіп түседі» деп жауап қайтарады. 2014 жылы қайта жаңарту кезінде электронды есептегіш құрылғысы орнатылғанын қоса айтты. Егер тұрғындар тарапынан қандай да бір күмән туса онда есептеу құралын сонда апарып тексертуге кеңес берді. Аталмыш зертханалар «Қазтрансгазаймақ» АҚ ОҚО филиалында бар. Егер тұтынушы осы газ жеткізуші компаниямен келісімшарт түзген болса, есептеу құралын тегін тексерте алады. Аталмыш құжат жоқ болса, онда, мархабат, қалтаңыз тағы да қағылады. Құралды тексеретін фирманы тұтынушы өзі таңдауға құқылы. Алайда тегін тексеріп бермейді. Былтырға дейін төлем түбіртектеріне «Қазтрансгазаймақ» -тың аты жазылатын.
Ал «РЦКУ -Шымкент» ЖШС-нің атынан төлем қағазының жіберіле бастағаны жуырда ғана. Төлемақының тым қымбаттығынын осыдан көріп отырғандар да жоқ емес. Қалтаны тықырлатуға көмек қолын созып жүрген компаниялар жетерлік. Өз шығындарын қалай жапса да өз еріктерінде. Тек тұтынушының есебінен емес…
Марғұлан Марайым, Облыстық энергетика және тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы:
Газдың бағасын біздің мекеме реттемейді. Газдың бағасын реттейтін Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтыну-шының құқығын қорғау комитеті. Табиғи газдың бағасына тікелей әсер ете алмаймыз. Бірақ өз тарапымыздан айтып жатырмыз. Газдың тарифін бекітудің өзіндік деңгейі бар. Ал су болса бақылай алатын едік. Себебі біз құжаттарды қараймыз, тексереміз. Газдың бағасы республикалық деңгейде бекітіледі. Облыс басшысы бұл мәселені көтеріп жатыр. Аталмыш мәселе қаралу үстінде. Нәтижесін күтіп отырмыз. Өз тарапымыздан тиісті талдауларды бердік. Өз уәждерімізді келтірдік. Біздің қойып отырған талабымыз, дұрысы ұсынысымыз (талап қоя алмаймыз ғой) республика бойынша бірыңғай тарифті енгізу.
Бейресми ақпарат көздерінен белгілі болғанындай, артық төлемдердің басты себебі — коммуналды төлемдерді есептеу орталығындағы бағдарламада ақау орын алған көрінеді. Сондықтан табиғи газға қатысты төлемге күмәндансаңыз, онда Темірлан тас жолы бойында орналасқан «РЦКУ — Шымкент» ЖШС-не барып тексертіңіз. Бірақ ондағы мамандар «Бәрі де спутник арқылы бақыланады. Есеп дұрыс берілген» дегеннен арыға бармайды. Күмәнді һәм тұманды.
«Сол спутниктері есептеу құралының тілін тым тез айгалдырып отырған шығар, бәлкім», — деп күманданатындар да жоқ емес…
Сірә, арыз-шағым көбейіп кеткеннен кейін басшылық тарапынан қандай да бір мәлімет беруге қатаң тыйым салынған құсайды. Өз сырларын өздері ашып бермейді ғой енді. Орталықтың басшысына кіру мүмкін емес. «Жиналысқа кетіпті, ол жиналыстың қашан аяқталары белгісіз» деген сықылды жауап естисіз. Бар жауапкершілікті спутникке жауып құтылған компаниядан қайран жоқ екені әуел бастан-ақ белгілі.
Ендеше өзіңіз тұратын аудандық прокуратураға, не «НұрОтан» партиясының облыстық филиалында орналасқан «Құқықтық қызмет көрсету орталығына» шағымданыңыз.
Халық жаппай өз құқығын қорғауға көшсе, ешқандай алпауыттың төтеп бере алмасы анық. Өйткені төзімнің түбі, шыдамның шегі сарқылды. Ащы айтып, ашындыра алмасақ, тұщы айтып, тұшындыра білмесек, бізге сын. Расы осы.
Гүлжан ЖҰМАШ