Учаскелік полицей алаяқтығы үшін үш жылға сотталды

554

Оңтүстік Қазақстан облысында алаяқтық жасағаны үшін учаскелік полицей сотталды. Сарыағаш аудандық соты жергілікті полиция қызметкерін Қылмыстық кодекстің екі бабымен айыпты деп танып, үш жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды inform.kz

Облыстық соттың баспасөз қызметінен мәлім еткендей, сотталушы Б.А. Сарыағаш аудандық ішкі істер басқармасының жергілікті полиция қызметінде учаскелік полиция инспекторы қызметін атқарған. Өткен жылдың қыркүйек айында оған арызданушылардың бірі  И.М. деген азамат келіп, көмек сұраған.

Ол туысқан қарындасы Б.Ү.-ға қатысты қылмыстық іс тергеліп жатқанын айтқан. Тәртіп сақшысы аталған қылмыстық істің  сотқа жолданғанын біле тұра, ол бойынша түбегейлі оңды шешім қабылдап беруге уәде еткен. Алайда, өзінің уәдесін соңына дейін жеткізе алмай, арызданушыдан 20 мың теңгені алаяқтық жолмен алуға оқталған. Ол ақшаны алу кезінде ұсталып, оның үстінен Қылмыстық кодексінің  24-бабы 3-бөлігі («Қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу») және 190-бабы 3-бөлігінің 2-тармағы («Алаяқтық») бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Тергеу барысында бұл қылмыстар толығымен дәлелденіп, учаскелік полицей үш жылға бас бостандығынан айырылды. Қылмыстық жолмен табылған мүлкі тәркіленіп, құқық қорғау  органдарында қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айырылды. Ол полицияның аға лейтенанты шенінен де айырылды.