Астана тұрғыны өз көлігіне дизельді отынның орнына бензин құйып берген жанармай құю стансасына қарсы сотта жеңіп шықты, деп хабарлайды inform.kz елорда сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сотта анықталғандай, 2016 жылдың қазан айында азамат Г. «Mitsubishi Delika» көлігімен Астанадағы жанар-жағармай құю бекеттерінің біріне барған. 2-бағанның жанына тоқтап, көлігінен шыға бере операторға дизельді отын құятындығын ескерткен. Кейін кассаға барып, ол жерде көлігіне дизель керектігін тағы бір рет айтқан.
«Автокөлікті отынмен толтыру кезінде дизельдің орнына бензин құйылған. Салдарынан қозғалтқыш істен шыққан. Жанармай құю бекетінен 500 метр ұзай бере көлік тоқтап қалып, оталмай қалаған. Астана қаласы Алматы аудандық соты автокөлік иесіне 1 млн теңге көлеміндегі шығынды өтеп беру туралы арыз-шағымды қанағаттандырды», — делінген сот хабарламасында. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.