Úı ANONS Шымкент қазынасы қомақты қаражатпен толықты

Шымкент қазынасы қомақты қаражатпен толықты

Шымкентте мәслихаттың кезектен тыс 29-сессиясы өтті. Негізгі талқыланған мәселе – мегаполис қазынасы. Шенеуніктер бюджеттің қомақты қаржымен толыққанын жеткізді. Ал ол қаражат қалай бөлінеді? Жауабы – алдағы бейнематериалда.

Шымкент қазынасы қомақты қаражатпен толықты. Бюджет 45 млрд. теңгеге ұлғайып, 895 млрд. теңгеге жетпек. Бұл туралы бүгін қалалық мәслихаттың кезектен тыс отырысында айтылды. Сондай-ақ үнемделген және игерілмей қалу қаупі бар қаржы әлеуметтік салаларға жұмсалмақ.

Ерлан Есқараев, Шымкент қаласы экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы: «Оның ішінде жеке меншік мектептерді қаржыландыруға 22,5 млрд тг. Жаңадан ашылған мемлекеттік мектептерді қаржыландыруға 1,2 млрд тг. Балабақшаларда мемлекеттік тапсырыстарды орналастыруға 2,7 млрд тг. Денсаулық сақтау мекемелерін материалдық жабдықтауға 4,6 млрд тг. Әлеуметтік қолдау шараларына қосымша 1,2 млрд тг. Әлеуметтік осал топтағы азаматтарға 1050 пәтер алуға 17,9 млрд тг қарастыру ұсынылып отыр»

Мәслихат жиынында әкімнің бірінші орынбасары Айдын Кәрімов алдағы мақсаттармен бөлісті. Оның айтуынша, қала бюджеті 1 трлн теңгеге жеткізіледі. Сонымен қатар, қаржының әр тиыны қатаң қадағаланады.

Айдын Кәрімов, Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары: «Алдағы жылдары 1 трлн. межесінен асамыз деген жоспарымыз бар. Бұның астарында қала тұрғындарының, олардың өмір сүру ортасын жақсы қалыптастыруға, әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған қаражат өздеріңіздің қолдауларыңызбен бүгін спорт, білім, әлеуметтік мәселелерге, тұрғын үй, жол мәселелеріне қосымша қаржы қаралды. Жыл соңына дейін толықтай игеріліп, әр теңгенің мақсатты пайдаланылуын бақылауға аламыз»

Айта кетсек, бұл қалалық мәслихаттың кезектен тыс 29-сессиясы болды. Онда 11 мәселе талқыланды. Жиын барысында қала халқының тұрмысын жақсартуға арналған бірқатар шешім қабылданды.

Лаура Бабас