Құс кейпімен талайдың шын шамасын көрсеткен қойылым

658

Өмірде сан түрлі адамдар бар. Бірі әділдікі қаласа, бірі оған қарсы тұрады. Ал тағы бірі жақсылықты жаны сүйсе, енді бірі оған жамандық жасауға жақын. Қоғамда кездесетін осындай кейіпкерлерді «Real Fokus» киностудиясының жас әртістері құстардың кейпінде сахналады.

Ерғали мен Мумина «Real Fokus” киностудиясының жас әртістері. Олар бұған дейін тек жарнамалық, әлеуметтік роликтер мен бағдарламаларға түскен. Бұл жолы алғаш рет сахналық қойылымда ойнады. Олардың сахнадағы дебюті Дулат Исабековтың «Құстар фестивалі» фарс-комедиясынан басталды. Ерғали — басты кейіпкер, құстардың төресі адал патша Бүркітті сомдаса, Мумина екі жүзді, жағымпаз, кез-келген сәтте сөзінен тайып шығатын Тотықұстың рөлін ойнады. Әуелде өздеріне сенімсіздікпен қараған жас әртістер көрермендердің ыстық ықыласынан кейін дайындықта кездескен қиындықтарды еңсергендеріне қуанды.

Ерғали Қалжігітов, «Маған құстардың төресі Бүркіттің рөлін сомдау бұйырды. Дайындық барысында көптеген қиыншылықтар болды. Алғашқы сахналық қойылым болғасын қобалжыдық. Сәтімен алып шыға алмай қаламыз ба деп қорықтық. Дегенмен көрермендердің қошеметі жігер сыйлады».

Мумина Уәлихан, «Мен жағымпаз тотықұстың рөлін сомдадым. Мұндағы мақсат, басшыларға жағымпазданып, өзін ғана жақсы көрсеткісі келетін адамдар сырттан қалай көрінетіндігін көрсету болды. Бұл әрине жағымсыз кейіпкер. Сол себепті де осындай рөлді сомдап шығу маған қиындық туғызды».

Спектакль желісінде қоғамда белең алған теңсіздік және әлдінің әлсізге күш көрсетуі баяндалады. Менмендік пен адами қасиеттің тартысы да айқын көрініс табады. Жастарға арналып сахналанғанымен үлкендерге де ой салатын шығарма.

Зұлпыхар Нұрхат, ұйымдастырушы:  “Real fokus” киностудиясы 2017 жылы жұмысын бастады. Біз болашақта әртіс болғысы келетін балалармен жұмыс жасаймыз. Студиямызда 7 мен 17 жас аралығындағы жастар көп. Бізде биден, сахна тілінен және тренинг жаттығулардан сабақтар өтеді. Біз қабілеті бар жастарды қабылдаймыз. Қазір 40-қа жуық оқушы бар. Бұл біз қойған алғашқы театр қойылымы. Соған қарамастан оқушыларымыз жақсы алып шықты».

Комедияда құстар арасында ән байқауы өтеді. Сайыста бұлбұл сынды нағыз таланттың көлеңкеде қалып қоятыны әдемі көрсетілген. Сыбайлас жемқорлықтың арқасында қарға сияқты әншісымақтардың қарқылы басым түседі.

Құс кейпімен талайдың шын шамасын көрсеткен жас әртістерге көрермендер ризалығын білдірді. Өзекті тақырыпты түсінуге тырысып, шынайы ойындарына алғыс айтқандар көп. Жас әртістер де алғашқы қойылымдарының кемшіліктеріне кешіріммен қарап, түсіністік танытқан келушілерге разы. Айта кетейік, бұл комедия қаладағы барлық мектептерде сахналанады.