Қаратау ауданының қолөнер шеберлері көрме өткізді

3526

Қаратау ауданына қарасты мектептердің қолөнер шеберлері №72 жалпы орта мектебінің ғимаратына жиналды. Олар қазақ халқының ұлттық мерекесі Наурыз мейрамы қарсаңында ұлттық құндылықтарымызды насихаттайтын бұйымдарын ала келген.

Мұнда он саусағынан өнер тамған оқушылардың неше түрлі туындылары қойылыпты. Көздің жауын алатын әдемі заттар еріксіз назарыңды аударады. «Шеберлер қаласы» атты іс-шараға 15-ке жуық мектептің оң қолынан өнер тамған шеберлері өз бұйымдарын алып келіпті.

Көрмеге киізден, ағаштан ойып жасалған заттармен қатар, мүйізден тіпті қарапайым қағаздан және сусындардың қораптарынан жасалған дүниелер де қойылған. Әрбір оқушы ұстаздарымен бірге өз туындыларының жасалу жолдарын түсіндіріп, сонымен қатар қандай пайдасы бар екендігін де тәтпіштеп түсіндіріп тұрды.

Аманбек Ахметбаев, №72 жалпы орта мектебінің директоры: «Бұл жерге оқушылармен қатар мұғалімдердің де еңбектері қойылды. Қазіргі балалар қолөнер бұйымдарын жасаумен айналысқанға құштар. Бұл бізді қуантады. Наурыз мерекесіне орай неше түрлі бұйымдар қойылды бүгінгі көрмеге. Үлкендер де кішілер де қызықғушылық танытып қарап жатыр. Үлкен еңбекпен келетін мұндай дүниелер кез-келген адамды әсерлендірмей қоймайтыны анық. Жастар жағы ұлттық бұйымдарға да қызығып сұрап, біліп жатыр. Біздің мақсатымыз да осы еді. Жастардың ұлттық бұйымдарды танып, олардың тарихымен таныстыру. Балалар ұлттық құндылықтарымыздың бір парасымен танысып, дәстүріміздің бір түрімен таныса алды».