Жерлесіміз жеңіспен оралды

302
Меруерт болашақта математика пәнінің мұғалімі болуды армандайды

Сүйінші! 11 жасар жерлесіміз жеңіспен оралды. Қаламыздағы №72 мектептің оқушысы Францияда өткен халықаралық «Интеллектуал – 2050» математика олимпиадасында 3-орынды иемденіп, мектебінің мерейін асырып отыр.

 Халықаралық олимпиаданың жүлделі 3-орнын жеңіп келген Меруерт Ташқозы – мектебінің үздік шәкірті. Шетелдің озаттары қатысқан сайыста да осалдық танытпаған оқушы білім ұясына қуанышты хабарды жеткізу үшін ата-анасымен келіпті. Мектеп басшысы да ыстық лебізін аяған жоқ. 

Бұл - Меруерт Ташқозының алғашқы жеңісі
Бұл – Меруерт Ташқозының алғашқы жеңісі

 Меруерт Ташқозы, «Интеллектуал – 2050» халықаралық олимпиадасының жүлдегері: «Әрине, өте қуаныштымын. Алғашында Францияның астанасына барамын деп те ойламадым. Үшінші орын алдың дегенде, сенбедім. Себебі қарсыластарым осал болған жоқ. Жалпы, жарыс өте жақсы өтті. 1 сағат 45 минута 25 сұраққа жауап беру керек болатын. Мен болашақта ұстаздарым сияқты математика пәнінен сабақ беріп, осы мұғалімдік жолды таңдағым келеді.»

Балзада Өсербаева, Меруерттің анасы: «Менің 4 балам да сабақты жақсы оқиды, үздіктер қатарында. Олардың мектепте жақсы білім алуы үшін қосымша сабақтарға жіберіп, түсінбеген сабақтарын қайта оқытып отырамыз. Үйде де көп шаруаларды өзім атқарамын. Себебі, елдің болашағы – жастар деп айтып жатыр ғой. Сондықтан менің перзенттерімнің еліміздің гүлденуіне өз үлестерін қосқанын қалаймын.»

Меруерт болашақта математика пәнінің мұғалімі болуды армандайды
Меруерт болашақта математика пәнінің мұғалімі болуды армандайды

Меруерттің қуанышымен бөліскен сыныптастары да мәре-сәре болып, құрбыларын құттықтап жатыр. Меруертті математика пәнінен осы олимпиадаға ұстазы Гүлхадиша Өмірбекова дайындаған. 12 жылдық тәжірибесі бар мұғалім шәкірке білім беру құпиясымен бөлісті.

Гүлхадиша Өмірбекова, математика пәнінің мұғалімі: «Ұстаз деген – әртіс те болуы керек. Әрбір оқушымен сырласып, оның мінез-құлқын жатқа білуі маңызды деп ойлаймын. Сонда ғана балаға жақсы білім беруге болады. Ал ең басты ұстанымым – әрбір оқушының деңгейіне қарап, тапсырма беремін. Мәселен, қабілеті нашар оқушыға қиын тапсырма беруге болмайды. Оның сабаққа деген ынтасы жойылады. Оның қызығушылығын ояту үшін шама-шарқы жететіндей есеп беремін. Шығарып келсе, мақтаймын. Осылай бірте-бірте тапсырманың деңгейін жоғарылатып, бағдарламаны толығымен қамтимыз.»

[youtube]http://youtu.be/GsVEtMUUIGU[/youtube]

Сыныптастары Меруерттен Париждегі сайыс жайында сұрап, халықаралық додаға қызығушылық танытып жатыр. Тіпті, осыдан кейін математиканы жақсы оқуға ниететтенген шәкірттер де табылды. Айта кетейік, биыл қараша айының алғашқы аптасында өткен халықаралық «Интеллектуал – 2050» олимпиадасында 60 -тан астам елдің ең озат оқушылары бақ сынаған. Осы додаға 50 қазақстандық оқушы жолдама алыпты. Соның 3-уі жүлделі орынды жеңіп келді.