Ұлттық банк «7-20-25» бағдарламасы аясында баспана береді. Алайда, пәтерлерді кез-келген азамат ала алмайды. Себебі, қарыз алушының төлем жасау қабілеттілігі талап етіледі. Бүгін Ұлттық Банктің ОҚО филиалы директоры Әнуар Ботанбеков Елбасы бастамамасымен үйлі болудың жаңа мүмкіндіктерін түсіндіріп берді.
Көп жәйттің басы ашылмады. Дайындығы жіті болмады ма, әлде әріптестерден көп сауал түседі деп күтпеді ме филиал басшысы өзіне қойылған сұрақтардың деніне кейін жазбаша жауап беретінін жеткізді. Дегенмен, тақырып өзекті. Елбасының 5 әлеуметтік бастамасындағы баспанаға байланысты бағдарламасын Банк қалай жүзеге асырады?
Бірден айтайық, бұл бағдарламаға кез-келген азамат қатыса алмайды. Ботанбеков мырзаның сөзіне қарағанда, қолжетімді пәтерлерді қолы жеткен ғана ала алады. Яғни, ай сайынғы төлемдерді төлей алатын, кірісін тиісті құжаттармен растап беретін тұрғындардың ғана бағдарлама аясында баспаналы болуына мүмкіндігі бар.
Бұл шарттың үдесінен қалай шығуға болады? Мәселен, тұрғын үйдің құны 7 млн. теңге болса, ай сайыңғы төлем 50 мың теңгеден аспайды. Бұл жалпы, жұмыс істейтін қазақстандықтардың көпшілігі үшін қолайлы дейді Ұлттық банк филиал директоры. Бұл төлемді төлеуге қабілетті алайда табысы бола тұра, қағазбен растай алмайтындарды бағдарламаға қатыстырудың жолдары қазір қарастырылып жатыр дейді ол.
Ипотекалық несиелендірудің нақты механизмі әлі жасалмаған. Түйіткілдер көп. Әнуар Ботанбеков қазір Ұлттық Банктің Үкімет қарауына тиісті заңнамаларға түзетулер енгізуге қатысты ұсыныстар әзірлеп жатқанын жеткізді. Бір анығы бағдарлама биылғы жылдың екінші жартысында жүзеге аса бастайды. Оған дейін қаржылық ұйымдар жұмысын реттеп, тиісті құжаттар уақыт талабына қарай өзгертілуі тиіс.