Cарыағаш ауданындағы Ұшқын ауылына биыл 50 жыл. Халық атаулы күнді думандатып атап өтті. Іс шарада Коммуна жеміс жүзім совхозының негізін қалаған Қарабай Қонысбаевтың бастамасы да кеңінен насихатталды.
Ұшқындықтар осыдан 50 жыл бұрын тың жерде жеміс, жүзім кеңшарын құрып, жұмысты бастаған Қарабай Қонысбаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Ұшқын ауылы Өзбекстандағы «Жаңа Жол» ауданымен шектесетін жерде орналасқан. Кеңес заманы кезеңінде атағы шыққан шаруашылықта еңбек жолын бастаған бүгінгі ардагерлердің естелігі елді елітпей қоймады.
Лесбай Жұмағұлов, еңбек ардагері: «50 жылда — ел жаңа. Міне, жарты ғасыр өтіп кетті. Кезінде Қарабай Қонысбеков ағамыз басқарған жеміс-жүзім совхозы елге танымал болды. Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіне бірінші орын алған шаруашылық болатын».
Аудан әкімдігі де ұшқындықтарға өз тартуын жасады. Ауылдың іргесіндегі аумақты баспана кезегінде тұрған ауылдағы ағайынға жер учаскелері үлестірілетін болды.
Қайрат Әбдуәлиев, Сарыағаш ауданының әкімі: «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша Ұшқын ауылында 70 жер учаскесін үлестіреміз. Мұнда қазір электр бағаналары орнатылып, желілер тартылған, жалпы электр жарығы бар. Енді бюджеттен 27 млн теңге бөліп, жолдарына тас төсеп береміз. Су жүйесі де жақын жерде. Күрделілік болмайды. Бүгінде кезекте тұрған және шекара жанында тұратын Достық ауылындағы 10-11 отбасы да егерде келісім берсе біз осы жерден жер учаскесін беруге дайынбыз. Бүгінде 750 отбасының 350-і баспананың іргетасын салуға дайын».
Ауылдағы спорт алаңында Ұшқын және Достық ауылдарының тұрғындары киіз үй тігіп, салт дәстүрімізді дәріптейтін шараларды ұйымдастырды.
Шығармашылық ұжымдар концерттік бағдарлама дайындап елді сүйсіндірсе, ауылдың әйелдер қауымы да қалыспай жерлестерін өнерлерімен тәнті етті.
Шынар Оразова