Биыл «Қазақстан Халық банкінің» құрылғанына — 95 жыл. Ел аумағында айтулы дата — мерейтой ерекше екпінмен тойланып жатыр. Аясында игі бастамалар мен мерекелік акциялар да қолға алынған. Өткен демалыс күндері де шымкенттіктер қол қусырып отырған жоқ. Қаланы көркейтуге, жасылдандыруға жұмылдырылды.
«95 жылдық торқалы тойдың құрметіне орай, қаламызға 95 түп ағашты отырғызуға кірістік. Әрине, көшеттер өзге емес, «Қасірет» мемориалында егілді. «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» , — деп дана халқымыз текке айтпаса керек-ті», — дейді «Қазақстан Халық Банкі» АҚОФ директоры Дербісәлі Жетпісбаев.
Шарапаты мол шараның дайындық-деңгейін айрықша атап өтпеу мүмкін емес. Ұйымдастырушылар алдымен игі бастама жөнінде әлеуметтік желілерде жарнамалап, көпті құлағдар еткен. Сондықтан, Шымкенкентті жасылдандыру жобасына өз үлесін қосу үшін келген желінің белсенді қолданушыларының да қарасы қалың болды.
«Ақпаратты фейсбук парақшасынан оқыдым. Біз мұны көрген бойда, өзіміз де келеміз деп шештік. Көшет отырғызып, қаламыздың экологиясын жақсарту жолында сүбелі үлесімізді қосуға бел байладық. Дәл осылай баршамыз игі шараға атсалыссақ, Шымкенттің болашағы баянды болмақ», — дейді қала тұрғыны Катерина Давыдова.
Бүгінде «Қазақстан Халық Банкі» — тұтынушыларының тізім-саны, қызмет көрсету аясы, желі таралымы бойынша Қазақстандағы бірегей көшбасшылар қатарында. Айта өтейік, жыл басынан бері аталған банк шымкенттіктер үшін осымен 3-ші акциясын өткізді.
Ал қаңтар айында банкирлер қаламыздағы мұз сарайында тұрғындарға тегін сырғанау мүмкіндгін сыйлаған еді. Ал ақпанның күндерінде жерлестеріміз үшін облыстық тарихи-өлкетану мұражайына тегін кіріп, тамашалау секілді тарту-таралғысын ұсынған. Ал күнгейліктерге арналған келесі тосынсый Наурыз мерекесіне жоспарланып отыр.