Қуан, қазақ! Тағы бір спортшымыз әлемдік додада мерейімізді асырды. Қазақстандық дзюдошылар Мароккодағы Гран При турниріне аттанғанда қоржынымызға алтын түсетіні белгілі-тін. Бокстан кейінгі қарқынды дамып келе жатқан дзюдода оғландарымыз әлемдік бәсекелерде биік көрсеткіштерге жетіп жүр.
Мароккода өтіп жатқан Гран При турнирінде қазақстандық дзюдошы Ғұсман Қырғызбаев 60 келі салмақта сынға түскен болатын. ҚР спорт шебері, 26 жастағы спортшымыз екінші айналымда қосылып, алғашқы қарсыласы словениялық Дэвид Старкелден мерейі үстем болды.
Екінші белдесуінде м ықты қарсыласқа тап болды. Дегенмен Марокколық Джэви Мохаммедтен басым түсіп, жартылай финалға жолдама алды. Жартылай финалда татами иесі Ясин Моудатирді иппонмен жеңіп, финалға шыққан болатын.
Финалда түрік балуаны Озлу Бекирді жеңіп, жарыс жеңімпазы атанды. Алтыннан алқа таққан айбынды азаматтың жерлесіміз екендігін мақтан тұтамыз. Бүгінде Алматы қаласында тұратын Ғұсманның Ғұмар есімді сыңары бар. Ол да спортты жанына серік еткен оғландардың бірі.