Күнделікті тұтынатын азық — түлік тауарлары бағасының шарықтауын ауыздықтау мақсатында қаладағы 13 сауда орнында тұрақтандыру қорының әлеуметтік бағадағы өнімдері сатылуда. «Азық-түлік компаниясы» серіктестігінің мамандары бүгін өңірдегі БАҚ өкілдері үшін пресс -тур ұйымдастырып, өнімдердің сақталуы және сатылымы барысымен таныстырды.
Мереке қарсаңында «Қазыбек» базарында сауда қызып тұр. Әсіресе тұрақтандыру қорындағы әлеуметтік тауарларға сұраныс басым. Мұнда картоп 85 теңге, пияздың келісі 50, сәбіз 80 тенгеден босатылуда.
Тұрақтандыру қорының көліктері халық көп шоғырланған 18 шағынауданында да жайғасқан. «Азық-түлік компаниясы» серіктестігімен келісімшартқа тұрған сатушылар қоймадан жеткізілген өнімдерді саудалап жатыр. Халықтың қалтасына қонымды баға болғандықтан, алушылар да көп.
Әлеуметтік бағада сатылатын өнімдер қаланың іргесіндегі көлік логистикалық орталығындағы замануи қоймаларда сақталады. Әрбір өнім бастапқы қалпында сақталуы осындағы температуралық режимге байланысты. Қазір қоймада 4 мың 884 тонна өнім бар. Оның 1 жарым мың тоннаға жуығы картоп, жарты тоннасы пияз.
Бұл тұрақтандыру қорының өнімдері қаладағы базарлардың аумағында орналасқан көліктерде сатылады. Егерде өнімдердің және қызмет көрсету сапасына қатысты ескерту ұсыныстарыңыз болса, “Азық түлік компаниясы” серіктестігінің 8 777 329 98 99, 8 775 982 60 15 телефондарына хабарласуларыңызға болады.
Шынар Оразова