«Сәби асырап алғым келеді. Балалар үйінен бала асырап алу оңай емес. Не істесем болады?» Оқырмандар мұндай сауалмен редакцияға жиі қоңырау шалады. Осы тұста перзентке зәру ананың кейпіне еніп, осы сауалдың жауабын іздедік. Ең алдымен балалар үйлеріне хабарласқанымызда, ондағылар бала асырап алу үшін білім бөліміне тіркелуіміз керегін айтты. Сонымен Шымкент қалалық білім бөліміне бардық.
Мұнда бізді аталған бөлімнің бас маманы Нұрдәулет Абылаев қабылдады. Оның айтуынша, «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы» кодексіне сәйкес, ата-ана қамқорлығынсыз қалған баланы — қамқоршылыққа, қорғаншылыққа, патронаттық тәрбиеге және асырап алуға болады.
Кодекстің талаптарына сәйкес, баланың (балалардың) мәртебесін анықтау барысында оның жақын туысы болса және олар баланың (балалардың) өзімен қалғанын қаласа, онда бала (балалар) қорғаншылыққа беріледі. Ал туысы жоқтарын 18 жасқа дейін қамқоршылыққа алуға болады. Баланы қорғаншылыққа не қамқоршылыққа алған отбасыға әр ай сайын бала 18 жасқа толғанша ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінде жәрдемақы төленеді.
Сондай-ақ, ата-анасы жоқ, жетім, балалар үйінің тәрбиеленушілерін патронаттық тәрбиеге алуға болады. Мұндай жағдайда бала туыстық және мүліктік құқықтарға ие болмайды. Баламен қарым-қатынас қорғаншылық және қамқоршылық органымен реттеледі. Мұнда жәрдемақы патронаттық тәрбиешіге де, балаға да төленеді. Егер сіз отбасыңызға баланы қабылдап, туған балаңыздай жауапкершілікті артуға дайын болсаңыз, оның келешекте мүлікке, құқық иеленуіне қарсы болмасаңыз, онда баланы асырап алуға болады.
Маманнан білгеніміз, баланы қамқоршылыққа, қорғаншылыққа, патронаттық тәрбиеге немесе асырап алатын отбасы бірінші кезекте білім бөлімінің басшысының атына өтініш жазуы керек. Сонымен қатар ерлі-зайыптының жеке басын куәландыратын құжат пен неке туралы куәліктің көшірмесін, мекенжай мен жұмыс орнының, еңбекақы мөлшерінің анықтамасын, сотталмағандығын растайтын құқық қорғау органдарының анықтамасын, наркологиялық, тері-венерологиялық, психо-неврологиялық, ЖИТС (СПИД) және туберкулезге қарсы диспансерлерде есепте тұрмайтынын растайтын құжаттарды да тапсырады. Қабылданған құжаттардың негізінде құрылған арнайы топ өтініш берушінің үйін, тұрмыс жағдайын тексереді.
«Өтініш келіп түскен күннен бастап 15 жұмыс күн ішінде өтініш иесінің үйін тексереміз. Егер оның үйі жайлы, бала асырап алуға қолайлы болса, АКТ дайын-дап, өтініш берушіні тіркеуге аламыз. Егер оның тұрмыс-жағдайы нашар болса, онда біз оның өтінішін кері қайтарамыз»,-дейді маман.
Заңға сәйкес, болашақ ата-ана баламен 15 күн араласуға құқылы. Өтініш берушінің жас ерекшелігі ескеріледі. Асырап алушы мен баланың жас айырмашылығы 45 жастан аспауы керек. Мәселен, ата-ананың жасы 50-де болса, онда олар 5 жасар баланы асырап алуына болады. Егер 45 жаста болса, онда жаңа туған сәбиді алуға рұқсат етіледі. Сәбиді балалар үйінен асырап алушыға мемлекет тарапынан 160 000 теңге көлемінде бір жолғы жәрдемақы төленеді.
Нұрдәулет Абылаев, Шымкент қалалық білім бөлімінің бас маманы:
– Бала таңдалып, ата-ана мен бала арасында қарым-қатынас орнаған соң, өтініш беруші сотқа құжатын дайындап өткізуі керек. Сот барысында өтініш берушінің арызы қанағаттандырылып, оң шешім шығарылған жағдайда, болашақ ата-ана 15 күннің ішінде АХАЖ бөліміне барып, баланы өз атына жаздырады. Сосын жаңа құжатты алып, қайтадан білім бөліміне келеді. Соның негізінде асырап алушыларға қаржылай «сыйақы» төленеді. Ол бір-ақ рет беріледі. Бұл сомма – бауырының баласын асырап алғандар мен баланы патронаттық тәрбиеге алғандарға төленбейді.
Айтпақшы, ажырасқан әйелдерге де бала асырап алуға болады. Тіпті заңды некеде тұрмаған әйелдер де бала асырап ала алады.
ҚАЖЕТТІ ҚҰЖАТТАР ТІЗІМІ:
Баланы асырап алушыларды есепке қою үшін:
1) жетім баланы немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған баланы асырап алу ниеті туралы жазбаша өтініш;
2) тұрғын үй-тұрмыстық жағдайын тексеру жүргізілгені туралы өтініш;
3) жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
4) жақын туыстарының бала асырап алуға арналған жазбаша келісімі;
5) көршілердің кемінде 3 ұсыным хаты;
6) жиынтық табыс мөлшері туралы анықтама;
7) отбасы жағдайы туралы анықтамалар;
8) азаматтардың және жақын туыстарының денсаулық жағдайы туралы анықтамалар;
9) соттылығы жоқтығы туралы анықтама ;
10) тұрғын үйге меншік құқығын немесе тұрғын үйді пайдалану құқығын растайтын құжаттың көшірмесі қажет.
Ғалия Жұмабайқызы, «Ана үйі» қоғамдық қоры жанындағы «Бала асырап алуға қолдау көрсету орталығының» ОҚО бойынша үйлестірушісі:
– Орталықта «Бала асырап алушы ата-аналар мектебі» жұмыс істейді. Бұл мектепті психолог-мамандар бала асырап алғысы келетін ата-аналарға, жетім немесе олардың қамқорлығынсыз қалған балалармен қарым-қатынас жасау, ата-аналар мен отбасы мүшелерін бала асырап алуға дайындау бойынша арнайы дәрістер өткізеді. Мұндай психологиялық сабақтар аптасына үш сағаттан өтіп, жалпы 12 дәрісті құрайды. Бұл – тілек білдіруші ата-аналарға көрсетілетін көмектің ең негізгісі. Өйткені, бала асырап алу үшін шешім қабылдау оңай емес екені белгілі. Жауапты қадам жасаған азаматтарға ата-анасыз өскен және отбасы жылуын көрмеген балалардың өздеріне тән психологиялық ерекшеліктері болатынын түсіндіреміз. Олардың мүлдем танымайтын отбасына бірден бейімделіп кетуі қиынға соғады. Өкінішке қарай, асырап алған балаларды кері қайтарған жағдайлар да кездесті. Сондықтан, осындай мәселелерге қатысты ата-аналарға көптеген кеңес беріледі.
PS. Жетімнің басынан сипап, асырап алуға ниет білдіргендердің қатары күн санап артып келе жатқаны қуантады, әрине. Дегенмен, мұның тек материалды тұрғыдан емес, адами тұрғыдан болғаны да игі.
Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ