«Балаларымыз балмұздақтан уланып қалды». Осылай деп арнамызға шағым айта хабарласқан бір топ ата-ана перзенттерінің денсаулығына алаңдаулы. Айтуларынша, балалар мен жасөспірімдер осыдан бірер күн бұрын балмұздақ жеп улану белгілерімен ауруханаға жатқызылыпты. Ал тәртіп сақшылары бүгін күдікті өнімдер сатылған сауда орнында тексеру шараларын жүргізді.
Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасының алды мәре-сәре. Жедел қызметтің өкілдері бүгін аяғынан тік тұрды. Ата-аналар у-шу. Олар улану белгілерімен ауруханадан бір-ақ шыққан балаларының дертін балмұздақтан көріп отыр. Айтуларынша, тәттіні жегеннен кейін олардың жағдайы нашарлай түскен. Дене қызуы көтеріліп мазасы қашыпты. Бір қызығы балмұздақ жемеген өзге балаларда мұндай жағдай байқалмады дейді ата-аналар.
Денсаулық сақтау саласының өкілдері жапай улану фактісіне қатысты шұғыл брифинг өткізді. Дәрігерлер улану белгілерімен ауруханаға түскен науқастар санының 39 жеткенін айтады. Оның ішінде балалар мен ересектер тіпті жүкті әйелдің бары белгілі болды.
Санитарлық эпидемиологиялық тексеру қызу жүргізілуде. Қазір ауруханада мамандар тобы жаппай уланудың себебін анықтау үшін барын салып жатыр. Ақ халаттылар тіпті әр науқаспен жеке жұмыс жүргіземіз дейді.
Анамнез мәліметіне қарағанда жаппай уланғандардың барлығы балмұздақты бір жерден сатып алғаны анықталып отыр. Нысанда тиісті тексеру шараларын жүргізіп болған соң тәртіп сақшылары күдікті сауда орнын сақтық үшін оқшаулап қойды.