Бүгін «Бойжеткен» фильмінің тұсаукесері болады. Мелодрама жанрында түсірілген кино көрерменге жол тартпақ. Бұл фильм жастардың жобасы. Ешқандай бюджетсіз десе де болады.
Еліміздегі барлық кинотеатрларда көрсетілетін фильм көрермен тарапынан жоғары баға алады деген сенім басым. Фильмнің саундтрегіне шымкенттік ақын, сазгер, бард әнші Кеңес Исмаиловтың «Бойжеткен» әні пайдаланылған. Толықметражды фильмді алматылық режиссер Абдел Фифтибаев түсірген.
Жүрекке жылы тиетін әсем ән 2003 жылы жазылған екен. Сазгердің айтуынша көшеде көрген бейтаныс бойжеткенге арналған. Ақынжанды, сезімтал сазгердің жүрек қылын тербеткен бойжеткен осылайша керемет әннің тууына себепкер болыпты.
Белгілі музыкант Александр Галаев Кеңес Исмаиловтың аталмыш әнін хард рок стилінде орындап көрсек деп өтініш жасаған екен. Сонымен 2008 жылы алғаш рет аталмыш стильде орындалған. Фильмге де осы стильде орындалған нұсқасы таңдалып алыныпты.
Бір әттеген-айы фильмнің титрында ән авторының аты-жөні жазылмай қалған. Оны қайтадан жазу біршама қаржыны талап етеді. Сондықтан да режиссер сазгерге хабарласып кешірім өтініпті. Дегенмен алғашқы көрсетілімде айтып өтеміз деп жұбатқан.
Кеңес Исмаилов, «Бойжеткен» әнінің авторы: «Аталған әнімнің «духымен», рухымен жастар фильм түсірейік деп шешіпті. Жастардан әнім үшін қаламақы алмаймын деп бас тарттым. Негізінде қазақша жазылған бард стиліндегі әндерім көп емес. «Бойжеткеннің» орны мен үшін ерек. Ең жақсы көретін әндерімнің бірі»,- дейді.
Гүлжан Көшерова