Түркістанның ең сұлу аруы анықталды

259

«Түркістан аруы – 2023» байқауының жеңімпазы анықталды. Рухани астананың ең сұлу бойжеткені атағы 20 жастағы студент қызға бұйырды. Айта кетейік, сайыс жеңімпазы Шымкент қаласының тумасы.

Өңірдің қала, аудандарынан 100-ге жуық бойжеткен сұлулық сайысына қатысуға өтініш білдірген. Оның тек 9-ы ақтық сынға жолдама алыпты.

Облыс әкімдігінің мәліметінше, финалда арулар өзін таныстыру, шығармашылық бағытта өнері және қазақша көйлектермен дефиле көрсету бойынша сайысқа түсті. Қазылар алқасының қорытындысымен Диана Ербосын «Түркістан аруы – 2023» атанды. 20 жастағы бойжеткен Шымкент қаласында дүниеге келген. Мегаполистегі Мұхаммед Хайдар Дулати атындағы 3 тілде оқытатын №8 мектеп-гимназиясының түлегі. Қазіргі таңда Халықаралық қазақ-түрік университетінің 3 курс студенті және маркетолог маманы болып жұмыс істейді.

Бұдан өзге сұлулық сайысында тағы үш ару «Түркістан вице-аруы» номинациясын иемденді. Атап айтқанда, Түркістан жоғары медицина колледжінің түлегі Нурила Құрбанғалиева бірінші «Түркістан вице-аруы» номинациясын алса, екінші вице-мисс номинациясы Халықаралық туризм және меймандостық университетінің 4 курс студенті Гүлжайна Анвароваға бұйырды. Үшінші вице-мисс номинациясын Сымбат Боранбай алды.

Байқаудың Instagram әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында дауыс беру арқылы анықталған «Түркістан интернет аруы» номинациясын Түркістан облысы «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің қызметкері Нұрғайша Жұмахан иемденді.

Байқау жеңімпазы алдағы уақытта Алматы қаласында өтетін «Қазақстан аруы» байқауына өңірдің намысын қорғауға аттанады. Еске салсақ, 2022 жылы «Қазақстан аруы» финалына Түркістан қаласынан Назерке Абылайхан қатысқан болатын.

(Суреттер: ТО әкімдігінің баспасөз қызметі)