Сессияның күн тәртібіне енгізілген мәселелер алдын тұрақты комиссияларда жіті талқыланғандықтан, шешімдер бірауыздан қабылданды. Бюджет қаржысын тиімді пайдалану мақсатында қолға алынған мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының тізбесін қайта бекіту жөнінде облыстың бас экономисі ұсыныс жасады.
Айта кететін жәйт күн тәртібіндегі 3-ші мәселе «Облыс әкімдігінің жергілікті мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының іске асырылу барысы жөніндегі» есепте тың жұмыстар атқарылғаны баяндалған еді.
Арман Сәбитов, облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысы: «3 жобаға қызығушылық танытқан кәсіпкерлер болмады. Екі жобаның жобалық-сметалық құжатының мерзімі өтті. Сондықтан оларды алып тастап, орнына 6 жоба қосып жатырмыз. 8 үйдің құрылысы, екі автомобиль жолдарының құрылысы және Созақ ауданын жарықтандыру мәселесі. Ұсынысты мақұлдауларыңызды сұранамын».
Сессияда 2018-2020 жылдарға арналған облыс бюджеті бекітілді. Тұрақты комиссияларда қызу талқыланған мәдениет және спорт саласына бөлінген қаражаттар сол күйінде бағытталды.
Әбілқасым Досболов, бюджет және экономиканың дамуы жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы: «Облыс бюджеті 508 млрд теңге. Қаржылардың басым бөлігі білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік салаларға бағытталды. Ауыл шрауашылығы бойынша балық өсіру мен сапасын арттыруды ішінара субсидиялауға 160,3 млн. теңге бағытталды. Инновациялық тәжірибені тарату және енгізуге бағытталған 6 жобаны қаржыландыруға 169,1 млн. теңге бөлінді. 20 Жедел жәрдем көліктерін сатып алуға қаржы бөлінді. Және 258 млн. теңге мәдениет басқармасына 3 анимациялық фильм , Төле би ,Айтеке Би және Қазыбек би туралы фильм түсіруге бағытталды».
Облыстық тексеру комиссиясының мүшелерін тағайындау бойынша келіспеушілік туындап, алайда көпшілік дауыспен ұсынылған кандидаттар бекітілді. Депутаттар Түлкібас ауданының атауын Түркібасы деп қайта атау жөнінде ұсынысты республикалық ономастика комиссиясының қарауына жолдады. Сессияның соңында төраға құқығын пайдаланып ұсыныс жасады.
Дулатбек Әбіш, облыс мәслихатының депутаты: «Біздің депутаттардың арасында 80 жылдардағы «разборкалар» болуда. Әдепсіздік, дөрекі сөйлеу сияқты жағымсыз қасиеттер жетерлік. Мен ешкімге жала жауып жатқан жоқпын. Этика комиссиясын құру қажет сияқты. Депутаттардың міндетін, өзін өзі ұстауын қарауды менен бастаңыздар».
Оңтүстіктің бетке тұтар халық қалаулылары оларға қарап өңір жұртшылығы бой түзейтінін естен шығармаса болғаны.