Ең алғаш қазақ театры сахнасында Уильям Шекспирдің «Джульеттасын» сомдаған қазақ әртісі — 70 жаста. ҚР Еңбек сіңірген әртісі Құпия Рахымбердиеваның мерейтойы күнгейде айрықша аталып өтіп жатыр. Пушкин атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасында өрбіген кезекті рухани шараға өнер иесінің әріптестері мен көрермендері және мәдени ошақтың тұрақты оқырмандары шақырылған. Кездесуге келгендердің басым бөлігі — жастар.Көпшілік «қара шаңырақ» — Ж.Шанин атындағы академемиялық қазақ драма театрындағы бірегей рөлдері арқылы танылған кеш кейіпкерін құрметке бөлеп, алғыстарын жаудырды. Сондай-ақ, сұрақ қойып, жетістікке толы өміржолына қызығушылық танытты. Ал театр сахнасында бір емес, 200-ден астам басты рөлдерді сомдаған әртіс бізге алдағы арманын жасырмай, айтып берді.
— Қазіргі сезімімді, қуанышымды сөзбен айтып жеткізе алмаймын! 70 жасты сүрген де, сүрмеген де бар! Осы жылдарымның құр өтпегенін әркез есіме алып, марқаятыным бар. Елім үшін еткен еңбегім де еленді! Шүкір! Ал қазіргі басты арманым да шығармашылығыммен астасады. Театр сахнасында абыз, аңызға айналған — Елбасымыздың анасының рөлін сомдағым келеді! Шын сөзім!, — деген толқыныспен Құпия Рахымбердиева сөзін қорытындылады.
Мерейтой аясында, осы театр саласын жоғарғы оқу орындарында меңгеріп жүрген жастолқын тосынсый жасады. Құпия Рахымбердиеваның өзі мен өміржолынан сыр шертер спектакльді сахналады. Әртістің жандүниесіне үңілді.Сондай-ақ, келген көпшілік ұсынылған көрмеден өнер иесі туралы тың мәліметтерді — дүние-жасақтар мен суреттерден көре алды.