Көрерменді күлкіге қарық қылған қойылым

704

Облыстық өзбек драма театрының әртістері көрермендерін күлкіге қарық қылды. Олар белгілі драматург Сәкен Жүнісовтың «Қысылғаннан қыз болдық» музыкалық комедиясын сахналады. Жеңіл әзіл мен қағытпа қалжыңға толы қойылым желісінде ауыл өнерпаздарынан құралған шағын ансамбльдің Астанада өтетін фестивалге қатысуы баяндалады.

Шағын болса да өнер әлемінен өз орнын тапқысы келетін топ мүшелері Елордада өтетін үлкен фестивальге қатысуға бел байлайды. Алайда, байқауға қатысушы топтың құрамында тек қыздар болуы шарт еді.  Жаңа топ жасақтауға мүмкіндік те, уақыт та жоғынан ансамбль жетекшісі өзінше қулық ойлап табады. Мұнысы топтағы еркек кіндіктілерді уақытша қыз кейпіне енгізу еді.

Ансамбльдің бас әншісі Алтынбек алғашында бұл ұсынысқа қарсы болады. Алайда, оның сүйіктісі әншіні дегеніне көндіреді. Көрермендерді күлкіге көмген тұсы да осы. Еркектер жеңіске жететін мүмкіндікті жіберіп алмас үшін, қыз қылықтарын көрсету үшін барын салады.

Ахмадвай Ергешов, облыстық өзбек драма театрының әртісі: «Әрине ер адамға нәзік жанды арудың рөлін сомдау оңайға түспейді ғой. Сол себепті де аздап қиналған тұстарымыз болды. Режиссер де қыздың рөлін сәтті сомдау талабын қойды. Әріптес нәзік жандылардың қылықтарын күнде бақылайтын болдық. Мақсат – жүктелген тапсырманы мінсіз атқару болатын».

Қойылымның режиссері Шыңғыс Айтматов атындағы Халықаралық сыйлықтың лауреаты Қуандық Қасымов. Ол спектакльдің сәтті шығуы үшін бір жарым ай дайындалғандарын айтады . Режиссер дәл бұл қойылымға керек барлық кейіпкерлерді осы театрдан тауыпты.

Қуандық қасымов, режиссер: «Бұл ерекше шығарманы біз өзбек театрында, өзбек тілінде, өзбек ұлтының көңіл-күйіне және өзбек халқының жан дүниесіне бейімдеп алып шықтық. Биылғы Қазақстандағы Өзбекстан жылы ғой. Достығымыз жалғассын деген ниетпен қазақ драматургиясын өзбек тілінде сахналадық. Театр әртістері музыкаға бейім, талантты, дарынд екен. Менің соған көзім жетті. Өйткені олар ансамбльді қойылым бастағаннан аяғына дейін керемет ұстап тұрды. Өміршең адам ретінде сахнадағы қасиеттері де жоғары болды. Әртістердің кішіпейілдігі, қарапайымдылығы, барлығы көрініп тұрды. Мен олардың өнерінің дамығанына таң қалдым. Ойындарына көңілім толды. Және үлкен алғысымды білдіремін».

«Қысылғанда қыз болдық» пъесасы қазақ драматургиясындағы музыкалық комедиялардың арасында барлық театрларда сахналанған. Әртістер музыкалық аспаптарда ойнап, әндерді де табиғи дауыста әуелетті. Шытырман күлкілі оқиғаларға толы комедияға көрермендер ыстық ықыластарын білдірді.