«Халық мұрасы — халық қазынасы!». Күнгейдің бас мұражайы — облыстық тарихи-өлкетану мұражайы осындай тақырыппен игі жобаны қолға алды.
Яғни, Әз Наурыз мерекесі қарсаңында мәдени ошаққа түрлі саланың өкілдері — он саусағынан өнер тамған қолөнершілер мен спорт саңлақтары арнайы шақырылып, жетістікке жету жолының құпиясымен бөлісті. Кездескен кедергілер мен оңтайлы сәттерді де айтып берді.
Сондай-ақ, тағылымды бастама аясында Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың елге жолдаған жолдауы, ондағы жас толқын үшін жүктелген міндеттемелер де нақтыланды. Ұсынылған мол мүмкіндіктер мен жасалған жағдай да қаузалды. Бастысы, рухани жаңғыруда — ұлттық салт-сананың саралануы мен қазына-құндылықтардың құнтталуы маңызды екені екшелді.
Халық мұрасының мәйегін, мән-мазмұнын дәріптейтін жиынға келген жастар да тосылмады. Халық әндерін орындап, аға буынның алғысын арқалады. Сондай-ақ, өлкетану мұражайының мамандары меймандар мен өзге де тұрғындардың назарына ұлттық құндылықтарды ұсынып, көрнектілік ретінде қолөнер бұйымдарын таныстырды. Осылайша қазақ халқының өткені мен бүгінін баяндап, жаңа жобаның тұсауын кесті.