«Қошқарата-Сейілі» мерекесі ерекше тойланды

1278

«Қошқарата-Сейілі» деп аталатын көктемнің торқалы тойы таңсәріден емес, тал түсте басталды. Онсызда ел арасында ұмыт қалып, қайта жаңғырған тарихи мерекеге бүгін облыс әкімдігі осындай өзгеріс енгізді.

Дәлірегі, киелі өзен жағалауында сейіл құрып, Әз Наурыз мерекесін бастау үшін таңды асыға күткен ағайынға ұйымдастыру алқасы өңір басшысын сағаттап күтуге мәжбүрледі. Ал бұл мейрамды халықтың құрметіне арнамай, тек әкім-қаралардың меншіктеп алғанына ашынған көпшілік жаттанды жиыннан жалыққанын да жасырған жоқ.

…Ә-дегеннен-ақ, көпшіліктің әуелгі мерекелік әсері су сепкендей басылды. Мерекені бастауға асыққандарды ұйымдастырушылар тұсаулап тастады. Өйткені, мейрамның бас қонағы кешігіп келді. Жарнамасы халық үшін деп жасалғанымен, дүниесі — әкім-қараларға арналған жиындар жұртты жалықтырған. Әсіресе, егде тартқан қариялар қамығып, әжелер дайындықтарын пысықтаудан жаңылды. Тіпті, сейіл құруға келгендердің бір бөлігі үйді-үйіне тарап кетті.

Мерекелік сценарий, тіпті әуелеген әз Наурыз әндері тек облыс әкімі келген соң, шырқалды. Ұлттық мәзірден жасалған ақ дастарханда өңір басшысы келген соң, ашылды. Наурыз көже таратушылар да биліктегілерді күтіп тұрыпты.Дүбірлі той — халқымыздың дәстүрін дәріптейтін әз Наурыз мерекесінің бір бөлігі. Дегенмен, бұл тойдың жөні бөлек деген ұйымдастырушылар фестивальде асыл тұқымды қошқарларды ерекше таныстырды.

Көрмеге өңіріміздегі 13 шаруа қожалық қатысқанымен, қошқардың 3 түрі ғана көпшілік назарына ұсынылыпты. Әсіресе, Арыс ауданында бордақыланған «Элитаны» қаумалағандар көп болды. Түлікті баптап, асыл тұқымды қазақтың құйрықты қаракөл малын асырап отырған иелері бір қошқардың құны — 150-200 мың теңгеге бағаланатынын марқая мәлімдеді.

«Элита» қошқары

Мерекенің көркі — қошқарды көтерген палуандар сайысы. Білектің күш-қауқарын еңсерген жауырыны қақпақтай ерлер жиналған дүйімді таңқалдырды. Бұл жолы минут пен мезеттің ішінде мойнына салған қошқарды сан рет көтеріп, қарсыластарын сан соқтырған Сайрамның серісі Немаджан Халметовқа жиналған қауым тәнті болысты.

«Қойдың салмағы ауыр екен, шамамен — 40 келі-ау. Қазір 53 рет иыққа салып, көтердім. Одан да көп көтеруіме болар еді, салмағы оң жақ иығыма түсіп, күшім жетпей қалды. Әу баста жеңіске жетемін деген жақсы ниетпен келгенмін», — дейді  Немаджан Халметов.Көктем мерекесі аясында ұлттық ойынның өзге де түрлерінен жарыстар өрбіді. Боз кілемде белдескендер қазақша күрестің жеңімпазын анықтады. Асық ойнап, алысқан балақайлар да өзара мерген- мықтыларды мойындатты. Сондай-ақ, мейрамға құрмет-махаббатын білектің күшімен емес, он саусақтың құдыретімен жеткізуге асыққандар да бар. Қылқалам шеберлері мезгіл мен мерекенің сұлулығын суреттеріне сыйдырды. Қолөнершілер халқымыздың төл тарихын тың туындыларымен таныстыруға кіріскен. Ал өлкетанушы Кеңес Исмайлов мерекенің осылай құрмет-мәртебеге ие болуы заңды дейді. Айтуынша, «Сейіл — Қошқар ата» көктем мерекесі немесе асыл тұқымды қошқар мейрамының тарихы тереңде жатыр.

Кеңес Исмайлов, өлкетанушы: «Ғасырлар үні көптеген сырларды шертеді. Дәл осы өзен бойында 22-наурызға 10-15 күн қалғанда мерекелік шаралар қолға алынған. Жәрмеңкелер ұйымдастырылып,  сазды әуенге толы қойылымдар ұсынылған. Ал ең бастысы — ел арасындағы ең салмағы ауыр қошқар таңдалынып алынып, құрбандыққа шалынған. Осылайша Аллаға құлшылық етіп, арман-тілектерін айтқан деседі».

Мерекелік шара соңында, асыл тұқымды қой-қошқарларын таныстырған шаруа қожалықтың иелеріне жүлделі орын үлестіріліп, жеңімпаздарға қаржылай сый-таралғы тапсырылды. Айта өтейік, қаланың қақ ортасынан құлай аққан киелі өзен Қошқар атаның аумағында тойланатын мейрам осылайша араға ғасыр салып қайта жаңғырды. Және бұл мереке тек Шымкентке ғана тән.

Мөлдір Бекеева