Шымкентте алты баланың анасы өзіне қол салды

311

Шымкентте алты баланың анасы өзіне қол салды. Әріптестерінің айтуынша, оның бұл қадамға баруына баспана кезегінде орын алған әділетсіздік түрткі болған.

Алты баланың жетім қалуының себебін анықтауға тырыстық…

Көпбалалы ана Шымкенттегі Бекетті көшесіндегі кепе үйлерден пәтер жалдап тұрған. Қошқар ата өзенінің бойындағы ағашқа асылып тұрған мәйіті 28-желтоқсан күні таңғы сағат 5-45-те табылды. Аула сыпырушы болған 41 жастағы әйелдің әріптестері оның өзі қалауымен ажал құшуына мемлекеттік бағдарлама бойынша берілетін баспана кезегінің кешеуілдеуі ғана емес, оның бұрмалануы себеп болғанын ашық айтты.

Ерлан Олжанұлы

Ерлан Олжанұлы, марқұм әйелдің әріптесі: «Пәтер кезегінде оның кезегі 86-шы болып тұрған. Ол кезегі келген. Сөйтіп, үйді кезекте бұдан кейін тұрған адамдар алғанда, бұл ала алмай қалған. Ол осы үйдің күйігінен кетті. Оның 1 айлық еңбекақысы – 42 мың теңге еді. Оның 12 мың теңгесін алып, пәтерақыға беретін. Қалған 30 мың теңгені 6 баласының қай жағына жеткізеді?! Осы үйді алып, балаларымды үйлендірсем деп жиі айтатын. Балдарымды орналастырып, өсіріп-жеткізсем деп соңғы кездері қатты күйзеліп жүрді ғой».

Гүлшара Күмісбекова.

«Ол «үй кезегінде 86-шы боп тұрмын, желтоқсан айында үй аламын деп қуанып жүрді. Кейін оған желтоқсан айында үйді бермей қойды. Сосын, ол «Нұр Отан», жергілікті әкімшілікке барып, жылап, арызын айтып жүретін. «Кезегімді алып тастапты, алдымдағы адамдарды көбейтіп жіберіпті. Енді Астанаға барып, бұл әділетсіздікті ашық айтамын! Астанаға билетімді де алып қойдым, 5-қаңтарда жолға шығамын», – деп 27-желтоқсан күні бәріміз жолыққанда жыларман болып айтқан еді», – дейді әріптесі Гүлшара Күмісбекова.

Шымкент қалалық тұрғын үй және және тұрғын үй инспекциясы басқармасындағылар болса, мұны жоққа шығарды. Сөздеріне сенсек, 2012 жылдан бері пәтер кезегінде тұрған әйелдің кезегі бұрмаланбаған. Желтоқсан айында арнайы комиссияның шешімімен тек 15 көпбалалы анаға баспана берілген. Ал 41 жастағы 6 баланың анасына қаңтар айында 3 бөлмелі пәтер берілуі тиіс екен.

Жұлдызай Ордабекова

Жұлдызай Ордабекова, Шымкент қалалық тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының бөлім басшысы: «Үйдің кезегі міндетті түрде ретімен қаралады. Мысалы, 450 көпбалалы ана деді ма, сол басында кезегі кеп тұрған адамның мәселесі  қаралады. Ішінде 1, 2, 3 бөлмелі қанша мысалы, сол кезек ретімен кетеді. Ол жерде бір кезекті бұзып, біреуді алып тастап, біреуді қойып тастау деген жоқ. Бұл жүйенің жүзеге асуын біздің басқарма және тұрғын үй комиссиясы қадағалайды».

Айтылғанның анық-қанығын енді полиция анықтайтын болады. Қазіргі уақытта осы оқиғаға қатысты «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Әсел Сәденова, Шымкент қалалық полиция департаменті баспасөз қызметінің

Әсел Сәденова

жетекшісі: «Аталған жәйт Шымкент қалалық полиция департаменті әл-Фараби аудандық полиция басқармасының сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне ҚР ҚК-ның 105-бабы бойынша тіркелді».

Тұрғын үй басқармасы басшылығының айтуынша, марқұм болған әйелге сатып алу құқығынсыз жалға берілуі тиіс 3 бөлмелі пәтер енді оның 21 жастағы үлкен ұлына беріледі. Оған заң мүмкіндік береді екен. Қаңтар айында қоныс тойын тойлаудың орнына, қара суықта қара жамылған жанұя айдың соңында үйдің кілтін алады деп сендірді шенділер.

Мөлдір Бекеева