Қылмыскерді облыстық соттың апелляциялық алқасы 11 жылға кесті. Өткен жылы орын алған қанды оқиғаға екі күдікті жауапқа тартылып, біреуіне шартты түрде жаза тағайындалған болатын.

«Ұлымды үш жігіт өлтірді» деп сенген әкесі тек бір ғана қылмыскердің темір торға тоғытылғанына қапалы. Аппеляциялық алқаның бұл іске қатысты соңғы сот отырысы 27 наурыз күні өтті.

Мұхаммед Қыздарбеков, марқұмның әкесі:  «Үш жігіт өлтірген. Біреуі көршінің баласы. Өлтіріп үйінде бір күн ұстап, екінші күн суға апарып тастаған. Суда баламның денесі 3-4 күн жатып қалған. Біз Сарыағаш аудандық ІІБ-на арыздандық. Тергеуші сол кезде әрқайсысы 12 жыл мен 18 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесілуі мүмкін деген еді. Соған сеніп жүре беріппіз».

Бір ауылда тұрған төрт жігіт жаздың кешінде ішімдік ішеді. Төбелеске ұласқан отырыстың соңы кісі өлімімен аяқталады. Туғандары марқұмды әдейі өлтірді деп санайды.

Нұрлан Қыздарбеков, туған ағасы: «Қалтасында 40 мың теңге ақшасы болған. Көлігін жақында сатып, қалған 100 мың теңгенің 40 мыңын алғанын қасындағы үшеу көрген. Басты себебі ақша деп ойлаймын».

Апелляциялық алқа отырысында сөз алған мемлекеттік айыптаушы жәбірленушінің шағымын ішінара қанағаттандыруды сұрады. Атап айтқанда басты кінәлі деп танылған сотталушыны 12 жылға бас бостандығынан айыру керек деп шешті.

Балғабай Сеңгірбаев, облыстық прокуратураның басқарма прокуроры: «Жәбірленуші тараптың апелляциялық шағымын ішінара қанағаттандыруыңызды, сотталушы Мәмбетовке қатысты тағайындалған жазаны қатаңдату жөніндегі шағымын қанағаттандыруыңызды, Жарылқасын Сағынышбекұлына қатысты ҚР ҚПК-нің 323-не сәйкес прокурорлық кері қайтару жөніндегі уәжін қанағаттандырусыз қалдыруыңызды сұраймын».

Сонымен апелляциялық алқа  қаулысы жария етілді. Сотталушы Мәмбетовты ҚР ҚК нің 106 бабының 3-ші бөлігі мен 384 баптың 3-ші бөлігімен кінәлі деп танылып, 11 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.