Мүгедек деп танудың машақаты

767

Редакциямызға ауру баласын қалай мүгедектікке шығару тәртібін білгісі келетін ата-ана, отбасындағы мүгедек мүшесіне қажетті қызметтерді ала алмай отырған тұрғындар, өзіне күтуші тағайындай алмаған мүмкіндігі шектеулі жандар жиі қоңырау шалады. Бұл аз дегендей, айықпас дертке шалдыққаны да, төсекке таңылғаны да, тіпті дене мүшесінен айырылғаны да қалың құжат жинап, әр мекеменің табалдырығын тоздыруға мәжбүр.

Осыған қатысты заңмен нақты не рұқсат етілгенін білу үшін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті ОҚО бойынша департаментінің медициналық-әлеуметтік сараптаманың әдіснамалық және бақылау бөліміне хабарластық.

«Халықтың мүмкіндігі шектеулі топтарына тірек-қимыл аппараты қызметі бұзылған, арбаға таңылған мүгедектер, көру қабілетінен толық айрылған және есту мүшесі бұзылған адамдар жатады. Елімізде жарты миллионнан астам мүгедек бар. Олардың 120 мыңдайы біздің өңірде тұрады. Былтыр олардың жартысына жуығына мемлекеттік қызмет көрсетілген. Яғни, 10 162 адам алғаш рет мүгедектікке шығарылса, 31 779 адам қайта есепке алынды»,- дейді аталған бөлім басшысының орынбасары Марат Архаров.

Оның сөзінше, мүгедектер демалыс орындарымен, қосымша компенсаторлық-ортопедиялық құралдармен (ортопедиялық аяқкиімдер, протез-ортопедиялық құралдар, үй ішілік-серуендік қол арбалар, міндетті гигиеналық жабдықтар, сурдо-тифло құралдар) қамтамасыз етіледі. Алайда, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін арнайы күтуші қарастырылмаған. Оларға жеке көмекші беріледі. Бірақ, бұл дегеніміз – көмекші оның қасында күні-түні отырып, үй шаруасын, жеке тапсырмаларын орындайды деген сөз емес. Жеке күтуші азаматтың бір жерден екінші жерге баруына (банкке, ауруханаға, қоғамдық орындарға) көмектеседі екен.

Ал мүмкіндігі шектеулі жандар жас ерекшелігіне және организімінде пайда болған өзгерістерге орай 3 топқа бөлінеді:
I топқа: Жарақат немесе кемістік салдарынан болатын организмдегі функциялардың тұрақты едәуір немесе өте айқын белгілері байқалғандар;
II топқа: Жарақат немесе кемістіктер салдарынан болатын организімдегі функциялардың тұрақты айқын білінетіндер;
III топқа: Жарақат немесе кемістіктер салдарынан болатын организімдері функциялардың тұрақты орташа бұзылғандар жатады.
Жоғарыдағы үш топқа жататын мүмкіндігі шектеулі жандар өздерінің мүгедектігін куәландыру үшін міндетті түрде белгіленген уақытта тексеруден өтеді:
Мүгедектік мерзімдері:
16 жасқа дейінгі балалар үшін – 6 ай, 1 жыл, 2 жыл, 5 жыл;
16 жастан 18 жас аралығындағы жасөспірімдер – 6 ай, 1 жыл және 18 жасқа толғанда;
18 жастан асқандар – 6 ай, 1 жыл, 2 жыл немесе қайта куәландыру мерзімінсіз (өмір бақи).

2018 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша ОҚО-да мүгедек ретінде 121 663 азамат есепте тұр

 

Ал мүгедектікті қайта куәландырусыз:
18 жастан асқан адамдарға, қалпына келмейтін анатомиялық кемістіктер, организм функцияларының тұрақты, қалпына келмейтін өзгерістер мен бұзылулар болған кезде, жүргізілген оңалту іс-шаралары тиімсіз және мүгедектік тобы тұрақты болған кезде:
І топтағы мүгедекті кемінде 4 жыл,

ІІ-ІІІ-ші топтағы мүгедекті кемінде 6 жыл динамикалық қадағалаудан кейін, оңалту болжамы қолайсыз болғанда белгілейді.

Мұнда мүгедек деп тану бойынша арнайы комиссия құрылып, жұмыс істейді. Медициналық-әлеуметтік сараптама және медициналық ұйымдардың дәрігерлеріне консультациялық көмек ұсынылған құжаттарды қарау, куәландырылатын адамды тексеру, организм функцияларының бұзылуы мен тіршілік-тынысының, оның ішінде еңбек ету қабілетінің шектелуі дәрежесін бағалау МӘС бөлімі басшысының және кемінде 2 бас маманның қатысуымен алқалы түрде жүргізіледі.

Мүгедектікке шығу үшін азаматтар:
1.медициналық ұйымның жолдамасын (088/у нысаны);
2.жеке басын куәландыратын құжатты;
3.азаматтарды тіркеу кітабын;
4.ауру динамикасын талдау үшін амбулаториялық картасы;
5.ауру тарихының және зерттеу нәтижелерінің үзінді көшірмелерін;
6.әлеуметтік жеке код берілгені туралы куәлік көшірмесін;
7.міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысу фактісін растайтын құжатын;
8. еңбек қызметін растайтын құжатын;
9. еңбек жөніндегі уәкілетті орган белгілеген нысандағы жазатайым оқиға туралы акт көшірмесін тапсыруы керек.

Марат Архаровтың сөзінше, бүгінде дені сау болса да, өзін не баласын мүгедек етіп көрсетіп, әлеуметтік жәрдемақы алғысы келетіндер кездеседі екен. Кейбіреулері түрлі қитұрқы әрекеттерге барып, құлақтарына мақта тығып, өтірік саңырау, мылқау бола қалса, енді бірі жалған құжат жасататын көрінеді. Әйткенмен, мүгедектік жәрдемақы қай адамға да тиісті тәртіппен заң аясында тағайындалатынын естен шығармаған абзал.

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ